Қызылордада алғаш рет «Сыр жастары» бағдарламасы аясында 60 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада алғаш рет «Сыр жастары» бағдарламасы аясында 60 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді

24.05.2024

Қызылордада алғаш рет «Сыр жастары» бағдарламасы аясында 60 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Игі жобаға он санат бойынша түрлі салада еңбек етіп жүрген аймақ жастары қатысып, 60 жас жанұя қоныс тойын тойлады.

Өңір жастарын тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытында облыс әкімдігі мен «Отбасы банк» бірлесіп «Сыр жастары» бағдарламасын жүзеге асырып отыр. Оған 1,7 миллиард теңге қаржы қаралып, биыл 100 жас отбасы игілігін көрмек. Соның алғашқы легі бүгін жаңа қонысқа ие болып, қуанышқа бөленді.

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

Жұмыла көтерген жүк жеңіл деген дана сөз бар. Өз кезегінде бағдарламаны бірлесіп жүзеге асыру үшін «Отбасы банк» АҚ 500 миллион теңге қаржы бөлді. Бүгінгі қоныс той осы бірлескен жұмыстардың нәтижесі.

Жеңілдетілген несиемен баспана алуға 35 жасқа дейінгі он санат бойынша түрлі салада еңбек етіп жүрген азаматтар қатысып, арнайы комиссиямен 100 жас отбасы іріктелді. Осы кезге дейін түрлі мемлекеттік бағдарламалардан тыс қалып жүрген журналистер игі жобаға енгзіліп, баспаналы болды.

Қозы-Көрпеш Жасаралұлы, «Qyzylorda» телеарнасының сарапшы тілшісі:

Бүгін аймақ жастары үшін айтулы күн деп есептеймін. Бұл бағдарламаның басты ерекшелігі бұған дейін санаттардан сызылып келген қалам ұстаған қауым тұңғыш рет осы бағдарламаның шарапатын сезінуде. Бұдан бөлек, әр салада жемісті жұмыс атқарып жүрген өзге де саланың өкілдері қуанышқа кенеліп жатыр.

Жаңа тұрғын үйді жас отбасылар 10 пайыз жарнасын төлеп, 19 жыл мерзімге 5 пайыздық несиемен алып отыр. Жалпы «Сыр жастары» бағдарламасына барлығы 800-ге жуық өтінім түскен. Яғни, игі бастама әлі де жалғасын табатын болады.


Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу