Ақмола облысындағы Ақкөл қаласында тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовке арналып ескерткіш ашылды.
Халық Қаһарманының 100 жылдығына орай өткен салтанатты жиынға Мемлекет басшысының тапсырмасымен Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев арнайы барды. Шараға қатысушылар әскери оркестрдің сүйемелдеуімен саңлақ тұлғаның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті.
Батырдың туған ауылына қойылған туындының авторы – белгілі мүсінші Айдос Бүркітбаев. Өр рухтың нышанындай боп қасқайып тұрған ескерткіш қоладан құйылған. Биіктігі 5 метрден асады. Генаралдың ерлігі мен елге сіңірген ерен еңбегін тілге тиек еткен Мәулен Әшімбаев жұртшылыққа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
Сағадат Қожахметұлы бүкіл саналы ғұмырын әскери қызмет саласына арнады. Мемлекетіміздің тұңғыш Қорғаныс министрі ретінде айбынды армиямызды құруға және оны нығайтуға зор үлес қосты. Ол өзінің болмыс-бітімімен, өмірлік ұстанымымен және ақыл-парасатымен қазақ генералының нағыз үлгісіне айналды.
Жандос Темірғали