Эйджизм: Орта жаста сұранысқа ие маман болып қалу үшін не істеу керек? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Эйджизм: Орта жаста сұранысқа ие маман болып қалу үшін не істеу керек?

26.05.2024

59 жастағы астаналық Әден Наурызов жұмыссыз қалғалы 5 айға жуықтап қалды. Бұған дейін 4,5 жыл еңбек қауіпсіздігі бойынша маман болып жүрген жерінен қысқартуға ұшыраған. Енді 33 жылдық өтілімен екі қолға бір күрек таба алмай әлек.

Әден Наурызов, Астана қаласының тұрғыны:

«Сіздің жасыңыз келді, кәрісің» деп бетіме айтпайды енді. Бірақ «бізге жастау жұмысшы керек еді, іс-сапар болып тұрады, соған шығып тұру керек» дейді.

Еңбек нарығында адамды осылайша жасына қарай алалау үрдісі бұрыннан бар. Компанияларға жұмыс күшін тауып берумен айналысатын рекрутерлік агенттік басшысы Алма Жандәулетова он үміткердің сегізін мекемелер жасы үшін жұмысқа қабылдамай жататынын айтты.

Алма Жандәулетова, рекрутер:

Мысалы, маркетологтар үшін қазір 40-қа толғаннан кейін жұмыс табу қиын. Себебі цифрлық маркетинг, яғни СММ жүргізу, рилс түсіру деген сияқты шаруамен жасы үлкен адам айналыса алмайды деген сылтау бар. Ал бухгалтер 50 жасында да сұранысқа ие болады. Мүмкін оларға тек 55 жастан кейін дискриминация басталатын шығар. Инженерлерге де солай.

Аяжан Ойрат, құқықтық саясат маманы, заңгер:

Адам қартайғанда түрлі физиологиялық процестер өтеді. Ауыруы мүмкін, сұрана беруі мүмкін. Үлкен адамдар ойлау қабілеті төменірек, олар баяу қозғалып, компьютерді игере алмайды деген стереотиптерге сүйене отырып, үлкен кісілерді жұмысқа алғысы келмейді.

Айсұлу Молдабекова, әлеуметтанушы:

Жұмыс берушінің бір жағынан кінәсі – ол жаңағы адамды қайта оқытуға, соған қаржы салуға, қайта икемдеуге немесе мына жаңа заманның кәсіби қабілеттерін игертуге көмектесуі керек, егер ол жұмысшы ол жерде 10 жылдан артық қызмет атқарса. Тіпті осындай заң талаптарын да енгізуге болады.

45 жастан асқаннан кейін жұмыс табу қиындайтынына Ұлттық статистика бюросының есебі де жанама дәлел бола алады. Елдегі 450 мыңнан астам жұмыссыз халықтың ең көбі, дәлірек айтқанда 173 мыңға жуығы 45 пен 64 жас аралығындағы адамдар болып шықты. Оны 55 жастан бастап есептегенде де аз емес – 75 мың адам. Ал жұмыс іздеуге арналған белгілі онлайн-сервисте 50 жастан асқан үміткерлердің 300 мың түйіндемесі тіркелген. Бұл былтырғыдан – 25%-ға, одан арғы жылдан 57%-ға көп.  Орта жастағы азаматтарды жұмыспен қамту үшін үкімет 3 жылдан бері «Күміс жас» жобасын іске асырып отырғаны да содан.

Аяулым Берекенова, ҚР ЕХӘҚМ Халықты жұмыспен қамту департаментінің басқарма басшысы:

Жұмыссыз ретінде тіркелген, 50 жастан асқан азаматтар қатыса алады. Мемлекет жұмыс берушілермен келісе отырып, үш жылға дейінгі мерзімге уақытша жұмыс орындарын құрады да, сол жұмыс орындарына жұмыссыз азаматтарды жалақыларын 70 пайызға дейін субсидиялай отырып, жұмысқа тұрғызамыз.

Олжас Омар, Астана қаласы Еңбек мобильділігі орталығының директоры:

Бірінші жылы – 70 пайыз, екінші жылы – 65 пайыз, үшінші жылы – 60 пайыз. Бірақ 30 АЕК-ден аспауы керек. Қазір ол – 110 мың теңге. Жалақы 150 мың болған кезде, 110 мың теңге мемлекет тарапынан төленетін болады. Зейнетақы төлемдер, әлеуметтік төлемдер, салық төлемдерін жұмыс беруші төлейді.

Жобаға қатысушылар саны жыл сайын өсіп келеді. Бағдарлама ашылған жылы 3000 мың адам жұмыспен қамтылса, былтыр 15 мыңнан астам адам жұмысқа тұрғызылған. Ал биыл 19 мың жұмыссызға орын тауып беру көзделіп отыр. Тиісінше еңбекақыны субсидиялауға бөлінетін қаражат та көбейіп жатқаны түсінікті. Алғашқыда 1 млрд теңге ғана игерілген. Өткен жылы 10,5 млрд тг-ге жуық бөлінсе, биылға жоспарланған бюджет 17 млрд тг-ден асады.

Аяулым Берекенова, ҚР ЕХӘҚМ Халықты жұмыспен қамту департаментінің басқарма басшысы:

Қатысушылардың 60 пайызы – ауыл тұрғындары. Ауылдарда жұмыс орындары жоқ.  Жоғары білімі бар қатысушылардың үлесі аз бұл жерде. Көбісінде орта біліммен жүрген адамдар.

Осы орайда халықтың мәдени-әлеуметтік ерекшелігін ескеріп, орта жасқа келгенше бала күтімімен, үй шаруасымен отырып қалатын әйелдер армиясын еңбек нарығына араластыруға күш салу керек, дейді әлеуметтанушы.

Айсұлу Молдабекова, әлеуметтанушы:

Бізде ортаазиялық әйелдер үшін 45 жасқа дейін бала, отбасы приоритетте. Одан кейін жұмыс приоритетте. Соны ескере отырып біз оқу саясатын да, білім саясатын да, сосын еңбек нарығындағы жұмыспен қамту саясатын да осыған өзгертуіміз керек. Себебі оларды жаңа біліммен, жаңа кәсіппен кәсібилендірсек, олар дайын еңбек күші, олар 60-65 жасқа дейін, тіпті 20 жыл бойы нарықта қызмет атқара алады.

Айтпақшы, біздің кейіпкер Әден Наурызов та нарықтан өздігінше жұмыс таба алмаған соң, «Күміс жас» жобасына қатысуды ұйғарған. Жоғары білімі бар. Мамандығы – инженер-электрик. Сондықтан вакансия да табыла кетті.

Әден Наурызов, Астана қаласының тұрғыны:

қауіпсіздік техникасы бойынша инженер деп тұр екен. Жалақысы да көрсетіліп тұр сол жерде. Мен қанағаттандым, мекенжайын алып, соған шығып бара жатқан жайым бар.

Ал оның құрдасы Жеңіс Шәймерденов бұл жоба арқылы ақпан айында жұмысқа орналасқан. Қазір бір компанияның Кадр бөлімін басқарып отыр. Бұған дейін Шортандыдағы ұсақ тас шығаратын карьердің директоры болып істедім дейді. Кәсіпорынды иелері сатып жіберген соң, жұмыссыз қалып қойған.

Жеңіс Шәймерденов, «АСТ» қоғамдық бірлестігі кадр бөлімінің басшысы:

Өмір бойы басшы болып істеп келе жатырмыз. Сондықтан бұл енді қиын деп айта алмаймын. Болашақты ойлап дегендей, осы жұмысқа келіп еңбек етіп жатырмыз. Осы жерден зейнетке шығамыз деген ойымыз бар.

Әйтсе де 50-ден асқан жұмыссыздардың көбі бұл жоба бойынша негізінен малшы, сауыншы, сатушы, көлік жүргізушісі, аспаз, күзетші, тігінші, тракторшы, кассир, есепші және наубайханашы сияқты кәсіпке ие болып жатады. Орташа жалақы көлемі де көп емес – 135 мың тг-ден сәл асады.

Алайда орта жаста жұмыссыз қалып қоятындардың ішінде жоғары білікті мамандар да аз емес.

Алма Жандәулетова, рекрутер:

Өте білікті мамандардың өзі эйджизмнің құрбанына айналып жатады. Мысалы, бұрын бір компанияның бас директоры немесе қаржы директоры болып істеген, жоғары білімді, ағылшынды жетік білетін мамандардың өзі жасы келгенде жұмыс таба алмай жатады.

Айсұлу Молдабекова, әлеуметтанушы:

Жастардың тәжірибесі жоқ, «жасыл», «солғындар» дейді де, ал үлкен кісілерді қанша білімді, білікті болса да кәрілер дейді. Ортада көпір жоқ. Әрбір мекемеде жастар мен үлкен жасты байланыстыратын кадр бөлімінің бір бағдарламасы, шарасы керек. Себебі жастар үлкендерден үйреніп, ал жастар кейбір жаңа технологияларға қабілеттерін үлкендерге үйретсе, бірін-бірі өте жақсы толықтыратын еді.

Аяжан Ойрат, құқықтық саясат маманы, заңгер:

Жұмысқа алу мен жұмыстан шығаруда ғана емес қой, ол мысалы, адамдарды іс-сапарға жіберу, адамдарды біліктілігін арттыру, оқытуға жіберу немесе белгілі бір үлкен жоба беру кезінде үлкен кісілерді шеттетсе, ол да кемсітудің бір түрі болуы мүмкін. Сотқа жүгіну керек. Бірақ проблема – сот оны кемсіту деп санай ма, санамай ма, ол үлкен сұрақ.

Себебі заңдар арасында байланыс жоқ дейді құқықтық саясатты зерттеуші.

Аяжан Ойрат, құқықтық саясат маманы, заңгер:

Еңбек заңнамасында арнайы қағидаттар бар. Ол жынысына байланысты, ұлтына, дініне және өзге де жайттар бойынша кемсітушілікке тыйым салынған дейді. Міне, сол өзге де жайттардың ішінде жас та бар. Алайда егер жазаға өтетін болсақ, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінде жаза жоқ.

Мәселенің бір ұшы кәсіподақ ұйымдарына келіп тіреледі.

Айсұлу Молдабекова, әлеуметтанушы:

Бұл еңбек ұйымдарындағы кәсіподақтардың дұрыс жұмыс істемеуінен, адамдардың өз құқықтарын дәлелдеп, қорғай алмауынан бір жағы. Осындай буллингтің әсерінен көп адам қықсартуға ұшырап қалады. Ал сіз Еуропада, Америкада қысқартып көріңізші, ешқандай төлемсіз. Қысқарта алмайсыз, себебі кәсіподақ мықты ол жақта.

Ал орта жаста да сұранысқа ие маман болып қалу үшін қайтпек керек?

Алма Жандәулетова, рекрутер:

Біріншіден, еңбекақы көлемі бойынша сұранысты төмендету керек. Яғни, адам жасы ұлғайған сайын төменірек еңбекақыға жұмыс істеуге дайын болуы керек. Екіншіден, жалпы емес, белгілі бір нақты саланың маманы болуы қажет. Нарықта қат маман болсаңыз, сізден ешкім айрылғысы келмейтін болады. Үшіншіден, күтініп, спортпен айналысып, заманға сай киінуді ұмытпаған жөн.

Айгүл Сұлтанғалиева, рекрутинг агенттігінің мамандарды іріктеу бойынша менеджері:

45 жастан кейін адам өзі қай салада жұмыс істегісі келетінін және қай салада өзі дамығысы келетінін білуі керек. Мысалы, дәнекерлеуші дәнекерлеу саласының маманы болуы керек. Егер ол жобалаушы болса, онда автокатта жақсы жұмыс жасай алуы керек, егер бухгалтер, есепші болса, олар 1С бағдарламасын жетік білуі керек.

Әйтпесе 70-тегі зейнеткер де онлайн-дүкеннің кеңсесінде жетістікке жете алатынын әйгілі Роберт Де Ниро «Тағылымгер» атты фильмдегі рөлі арқылы көрсетті ғой. Айтпақшы, ол киноның слоганы – «Тәжірибе қашан да құнды». Ол рас енді.


Данияр Қайыртай

Хабарламаларға жазылу