Техникалық байқаудан өту талаптары өзгереді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Техникалық байқаудан өту талаптары өзгереді

27.05.2024

Елімізде жалған техникалық байқаудан өткізетін кәсіпкерлермен күрес күшейтіліп жатыр. Кәсіпті бастау және жүргізу үшін талап қатаңдайды. Ал, заң бұзғандарға салынатын айыппұл еселеп көбейеді. Бұл жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігі үшін қажет шара деп отыр мамандар. 

Қазақстан аумағында биылдың өзінде 6 мыңнан аса жол апаты тіркелген. Салдарынан 542 адам қаза тауып, 7 мыңнан астам адам жарақат алған. Негізгі себебі жол инфрақұрылымының нашарлығы. Сондай-ақ елде тіркелген 5 млн 200 мың көліктің тең жартысының зауыттан шыққанына 20 жылдан асып кеткен.
Қайсар Сұлтанбаев, ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің төрағасы:
2023 жылы көліктің техникалық ақауына байланысты 18 жол көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан 7 адам қаза тауып, 26 адам жарақат алды. Мұның негізгі себебі техникалық байқаудан өту туралы жалған құжаттардың жасалуы.
Темір де тозады. Сондықтан тұрақты қызмет көрсетіп, тексеріп тұрған абзал. Дегенмен қауіпсіздік үшін қажет шараны табыс көзіне айналдырғандар көбейді. Ақысын төлегендерге амалын тауып, құжат жасап береді.
Бауыржан Шайдолла, «Qaupsizdik kepili» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
Бүгінгі таңда фотошоп арқылы техникалық байқаудан өткізетіндердің мәселесін шештік. Енді көлікті толық тексермей, құжат рәсімдеп беретіндермен күрес жүріп жатыр. Бұған дейін техникалық байқау орталығын ашу үшін мемлекетке хабарлама жіберу жеткілікті еді. Енді міндетті түрде рұқсат алу керек болады. Мұндай жағдайда кәсіпкердің ғимараты, құрылғылары толық тексеріледі. Олардың барлығы стандартқа сай болуы тиіс.
Ал, болашақта жалған құжат жасағандар жұмыс істеу лицензиясынан айырылуы да мүмкін.
Қанат Қалмағамбетов, ҚР Көлік министрлігі басқармасының бас сарапшысы:
Бүгінгі таңда әкімшілік айыппұлдар өте төмен. Бұлар 10 МРП-дан 30 МРП-ға дейін болса Біз оны 30 МРП-дан 100 МРП-ға дейін көтеруге ұсыныс жасап отырмыз.  2024 жылдың 1 қаңтарынан бері мораторий бітті. Бүгінгі кезде біздің аумақтық инспекциялар оларды тексеруге құқылы. Оларды жоспарлы тексеруге қояды немесе арыз-шағым болған кезде жоспардан тыс тексеруге болады.
Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
Жеке тұлғалардың көліктерін жылына 1 рет техникалық байқаудан өткізу міндет. Ал такси қызметінде жүрген немесе адам тасымалымен айналысатындарға 6 айда 1 рет көлігін тексеріп тұруы керек. Алдымен көлік визуалды тексеріледі. Мына жарықтарының қаншалықты дұрыс бұрышпен жанып тұрғаны техникалық жағынан ешқандай ақауы жоқ па екені толық тексеріледі. Техникалық байқаудан өту құжатты полиция қызметкеріне көрсету үшін ғана емес, ең әуелі бұл сіздің қауіпсіздігіңіз үшін қажет.
Ақау анықталған көлікке 10 күн уақыт беріледі. Осы уақыт аралығында жөндеп, қайта тексертуі тиіс. Осыдан кейін ғана сіздің көлігіңізге қауіпсіз, өзгелермен қатар жолға шығуға болады деген рұқсат қағазы беріледі. Жалпы байқауға келген көлік 60-тан астам пункті бойынша тексеріледі. 

Бүгінгі ұсыныс қабылданған жайдайда жұмыс істеп тұрған орталықтарға 6 ай уақыт берілмек. Содан кейін көлікті тексеруден өткізетін орталықтардың өздері тексеріледі. Ғимараттары мен құрылғылары стандартқа сай келмейтіндер жұмысын тоқтатады.

Оңғар Алпысбайұлы

Хабарламаларға жазылу