Шымкентте «Таза Қазақстан» акциясы жалғасуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте «Таза Қазақстан» акциясы жалғасуда

27.05.2024

Шымкентте «Таза Қазақстан» акциясы әлі жалғасып жатыр. Бүгін мегаполистегі 5 ауданның аумағындағы аулалар мен көшелер, ирригациялық жүйелер тазаланып, саябақтар мен ойын алаңшалары ретке келтірілді.

Тазалық акциясында әдеттегідей ардагерлер көпке үлгі болып, іске білек сыбана кірісті. Төңіректі арам шөптен арылтып, қураған, сынған ағаштарды кесті. Ауладағы орындықтарды жөндеп, сырлады. Өмірлік тәжірибеге бай аға буын «таза орта адамға жылылық ұялатады. Тазалық бар жерде жайлы өмір болады», - дейді.

Исамудин Рысбаев, Ардагерлер кеңесінің төрағасы:
Әркім өзінің туған жерімен мақтанады. Біздің Шымкент – мақтануға тұратын қала. Сондықтан осы акцияға деген халықтың ынта-жігері маған өте ұнайды. Таза, көрікті қаланың ішінде жүру қандай ғанибет!

Тазалық жұмысына ардагерлер, ерікті жастар мен әкімдік қызметкерлерінен бөлек тұрғындар да белсене қатысты. Соның арқасында аулалар мен көшелер әсем келбетке енді. Қасірет мемориалы мен орталық саябақ та тазарып, түрленді.

Фарида Ермаханқызы, қала тұрғыны:
Ауламыздың алдын әр уақытта сыпырып, тазалап отырамыз. Табиғат таза болып тұру үшін әр уақытта таза ұстауға тұрғындар да тырысады.

Жалпы сәуір айының алғашқы күндерінен басталған тазалық жұмыстары тоқтаусыз жүргізіліп келеді. Соның арқасында шаһардағы көптеген тұрғын үйдің ауласы сәндік ағаштармен және гүлмен көмкеріліп, жасыл желекті мекенге айналды.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу