Әуежайда аңдап сөйлеген абзал. Әйтпесе, 17 млн теңге айыппұл арқалауыңыз мүмкін. Іс қозғалуы да ғажап емес. Тыйым салынған сөздің тізімі бар.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:Қазақ он күнәнің тоғызы тілден деген. Бұл сөз әсіресе әуежайда актуалды. Аңдамай сөйлеп немесе әзілдеймін деп опық жеңуіңіз мүмкін. Өйткені мұнда айтуға мүлдем тыйым салынған сөздер тізімі бар. Солардың бірін айтып қалсаңыз 5 жылға сотталып кетуіңіз мүмкін.
Мәселен былтырдан бері тыйым сөздерді айтқаны үшін Астана әуежайында 50-ден астам дабыл қағылып, 40-қа жуық жолаушының кінәсі дәлелденіп, іс сотқа жолданған.
Тойгүл Жұбанісова, Астана халықаралық әуежайы баспасөз қызметінің ресми өкілі:«Террорист», «терроризм», «терракт», «бомба», «қару-жарақ» қрау-жарақтың түрлері бар ғой соларды айтпауға кеңес береміз. Осы сөздердің барлығы әзіл ретінде айтылса да ҚР заңнамасы бойынша террористік актіге дайындалып жатқан оқиғаларды білдіретін сөз болып есептеледі де бірден қауіпсіздік дабылы басылады.
Қауіпсіздік дабылы басылған сәтте-ақ полицейлер мен аваиациялық қауіпсіздік қызметі мамандары сол маңды қоршап, тергеуге алып кетеді.
Тоқтала кететін маңызды жайт, сіз айтуға кеңес берілмейтін сөзді айтып, сотталмаған күннің өзінде 5000 АЕК көлемінде айыппұл төлеуіңіз мүмкін. Бұл 17 млн теңге шамасында.
Дәулет Аймағанбетов, қалалық авиациялық көлік прокурорының орынбасары:Ол бойынша қылмыстық кодекстің 273-бабында жаза көзделген. Сол баппен тергеп-тексеру жүргізіліп, нәтижесімен түпкілікті шешім қабылданады. Ол жерде әр мән-жай ерекше болады. Яғни, тергеп-тексеру нәтижесі мен сіздің әрекетіңізге қарай шешім қабылданады.
Қызметкерлерінің сөзінше, әуежай табалдырығын аттаған әрбір жолаушы 1500-ге жуық камераның нысанына айналады. Одан бөлек, профайлердің, яғни кәсіби психологтардың ұдайы бақылауында болады. Бір қызығы, профайлерді қарапайым адамнан ажырату қиын. Сондықтан маңызды стратегиялық нысанға кіргенде сөйлеген сөзіңізден бөлек, іс-әрекетіңізге де абай болғаныңыз жөн.
Нұрсұлтан Тілектес