Елімізде мемлекетік грантпен жоғарғы оқу орындарын аяқтаған үздік түлектерге аудандардағы және ауылдық округтердегі төменгі лауазымдарға тікелей тағайындалу тетігі енгізілгені белгілі. Осы мүмкіндікті сәтті пайдаланғандардың бірі – Назира Рахметова. Ол былтыр ғана Еуразия ұлттық университетін үздік тәмамдап, шалғайдағы Әйтеке би ауданына қызметке келді.
Назира Рахметова, Т.Жүргенов ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы:
Осы жоба аясында мен де қабылдандым. Жұмыс барысы өте қызықты әрі ауыр.Бірақ жас маман болғандықтан өзімнің әріптестерім, басшыларым жан-жақтан көмектесіп, қолдауларын көрсетіп, ненің дұрыс, дұрыс еместігін айтып, сондай қолдауларының арқасында жұмыс жасап жатырмын.
Дегенмен, Назира секілді аудандарға барып қызмет еткісі келетіндер көп емес. Облыс бойынша екі жүзден аса мемлекеттік қызметші қажет болса, оның сексен пайыздан астамы ауылдық жерлерге баруы тиіс. Еліміздің батыс аймағындағы ең ірі жоғарғы оқу орны саналатын университетте Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өкілдері жастармен кездесу ұйымдастырды. Мақсат – жастарды мемлекеттік қызметке, ауылға тарту.
Гүлмира Бейсекешова, Мемлекеттік қызмет істері департаментінің басқарма басшысы:
Кейбір аудандарда, Темір, Ырғыз аудандарында құрылыс бөлімдерінің басшыларын тағайындай алмай отырмыз. Өйткені, құрылыс мамандары аздау. Бар,әрине, бірақ ауылдық жерге барғысы келмейді. Сондықтан да осындай тетіктерді пайдалану арқылы жас мамандарды ауылдық жерге шақырғымыз келеді.
Жастарды ауылға тарту мақсатында 2020 жылдан бастап «Дипломмен – ауылға» бағдарламасына мемлекеттік қызметшілер де қатыстырыла бастады. Облыс бойынша алпысқа жуық маман ғана осы мүмкіндікті пайдаланған. Аудандарға құрылыс саласына жауапты қызметкерлерден бөлек, есепшілер мен мал дәрігерлері ауадай қажет.
Жақсыбек Кемал