Премьер-министр Олжас Бектенов Алматы облысына жұмыс сапарымен барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Премьер-министр Олжас Бектенов Алматы облысына жұмыс сапарымен барды

30.05.2024

Алматы маңында туристік әлеуетті артырып, өнеркәсіптік, білім беру және логистикалық орталыққа айналатын ірі мегаполис құру қажет. Мұндай маңызды міндетті Премьер-министр Олжас Бектенов Алматы облысына жұмыс сапары кезінде айтты. Үкімет басшысы өңірде Президент тапсырмаларының орындалу барысын бақылады.

Сапар барысында Премьер-министр отандық өндірісті жолға қойып, экономикалық өсімді қамтамасыз ететін бірқатар нысанның жұмысын тексерді. Мәселен, Үкімет басшысына құс етін өндіретін ТМД-дағы ең ірі жоғары технологиялық автоматтандырылған кәсіпорын құру жобасы таныстырылды. Кәсіпорын толықтай іске қосылған кезде өнімділігі жылына 240 мың тонна құс етін өндіріп, 6 мың адамды жұмыспен қамтымақ.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі: 
Азық-түлік қауіпсіздігі – ең өзекті мәселенің бірі. Біз ішкі нарықты негізгі азық-түлік тауарларымен толық қамтамасыз етуіміз керек.

Сондай-ақ сапар барысында Премьер-министр көлік инфрақұрылымы мен логистиканы дамытудың өзектілігіне тоқталды. Жобаларды табысты іске асыру үшін жетіспей тұрған коммуникацияларды жүргізу жөнінде бірқатар тапсырма берді. Оған қоса өнеркәсіпті дамыту үшін қажетті жағдайлар жасаудың маңыздылығына тоқталды.

Ербол Шоқаев, «Алматы облысының индустриялық аймақтарын басқарушы компания» ЖШС бас директоры:
Бүгінде Алматы облысында алты индустриалды аймақ жұмыс істеп тұр. Мәселен, «Қайрат» индустриалды аймағындағы 198 га аумаққа 19 компания орналасқан. Алдағы уақытта аумағымыз 400 га-ға ұлғаяды. Ішкі инфрақұрылымдар толық жүргізіліп бітті. Біз қазір отандық және шетелдік компанияларға қызмет көрсетіп жатырмыз.

Үкімет басшысы сапар аясында Қонаев пен Алатау қалаларын дамыту жоспарын да тыңдады. Қонаевта алдағы 5 жылда әлеуметтік нысандар пайдалануға берілмек. Ал Алатауда 11 ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Тиісінше, 7 мың жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ Алатау қаласындағы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының жұмыс қарқынын қарап шықты. Бүгінде нысанның іргетасы қаланған. 900 орындық оқу ордасы білім беру саласындағы соңғы технологиялармен жабдықталмақ.

Ұлан Солтанов, «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Алматы облысы және Жетісу өңірі бойынша аймақтық басшысы:
Мерзімі осы жылдың аяғына жоспарлануда. Жалпы Іле ауданы емес Алматы облысында 53 мектеп бар салынатын, 53 мектептің 26 мектеп құрылыс жоспар бойынша биыл тапсыру қарастырылып отыр. Қалған 27 мектеп келесі жылдың аяғына дейін тапсыру жоспарда бар.

Бұған қоса Премьер-Министр индустриялық аймақтар аумағындағы «Бент» темірбетон бұйымдарын, «ТехноНиколь – Орталық Азия» құрылыс материалдарын, «Шин-Лайн» балмұздағын өндірудің технологиялық процесін қарап шықты. Қазақстанның импортқа тәуелділігін азайтып, экспорт көлемиін арттыруда тапсырды. Бұған кәсіпорындардың өзі де мүдделі болуы керек.

Айдана Қуантхан

Хабарламаларға жазылу