Елімізде ғылыми дәрежесі бар ғалымдарға ай сайын үстемақы төленетін болды. Бүгін Сенат «Ғылым және технологиялық саясат» туралы заңды мақұлдады. Сондай-ақ құжатта жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында, ғылыми ұйымдарда жұмыс істейтін жетекші ғалымдарға шығармашылық демалыс беру нормалары енгізілді. Заңның негізгі мақсаты - ғалымдарды қолдау, ынталандыру арқылы ғылымды дамыту. Сондай-ақ мемлекеттік органдардың ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы құзыреттері белгіленді. Сенат төрағасы енді Ұлттық ғылым академиясының мәртебесін арттыруға басымдық беру қажет деді.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:Ұлттық ғылым академиясын әлемдегі стандарттарға сай дамытамыз десек, осы ұйымның дербестігін қамтамасыз етуіміз қажет. Әрине мемлекеттік қаржы болған соң, бақылау да керек шығар. Бірақ дегенмен өз жұмысында бұл академия дербес болуы дұрыс. Өзінің заңда көрсетілген құзыреттері, мәртебесі болуы жөн. Сондықтан ары қарай да бұл жұмыстарды жалғастырамыз деп есептеймін.
Досжан Маратұлы