Қызылордада екі жүзге жуық азамат құқықтық кеңес алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада екі жүзге жуық азамат құқықтық кеңес алды

31.05.2024

Қызылордада «Халық заңгері» жалпыреспубликалық акциясы ұйымдастырылды. Шара аясында құқық қорғау және мемлекеттік органдардың өкілдері тұрғындардың түрлі мәселесі бойынша құқықтық кеңес берді.

Еліміз бойынша өтетін ауқымды науқан биыл 8-ші мәрте ұйымдастырылып отыр. Бір ғимаратта, бір мезетте 40-тан астам кеңесші маман тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Көпшілігі кәсіпкерлікті қолдауға арналған бағдарламалар мен салық жүйесіндегі жаңа заңнамаға қатысты нақты мағлұмат алды.

Тоғжан Аманнолаева, қала тұрғыны:

Салық жөнінде өз көкейімде жүрген сұрағым бар еді. Сол сұрақты қойдым мамандарға. Сұраққа жауап берді. Толық қанағаттанамын жауаптарына. Және де осындай шаралар көптеп болса деп ойлаймын. Халыққа өте пайдалы.

Сондай-ақ, прокуратура, сот, антикор өкілдері тұрғындардың арыз-шағымдары бойынша жеке қабылдап, заң тұрғысында құқықтық кеңес берді. Жалпы науқан барысында 200-ге жуық азамат өздерін толғандырған сауалдарына жауап алды.

Асылхан Ашықов, облыс бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары:

Құқықтық ағарту азаматтарға мемлекеттік органдардың жұмысын және мемлекеттен көрсетілетін қызметтердің алу тәртібін дұрыс түсінуге мүмкіндік береді. Елімізде неғұрлым адамның құқықтық сауаты жоғары болса, сәйкесінше елімізде сыбайлас жемқорлық төмендейді деп есептейміз.

«Халық заңгері» науқаны облыс орталығында ғана емес, биыл өңірдің барлық аудандарын қамтып, ауыл жұрты да мамандар көмегіне жүгінді.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу