Қазақстан мен Түмен облысының арасындағы тауар айналымы 1,5 есе артты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Түмен облысының арасындағы тауар айналымы 1,5 есе артты

03.06.2024

Қазақстан мен Түмен облысының арасында сауда айналымы артты. Шекаралас өңірмен әріптестіктің әлеуеті үлкен. Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев бастаған делегация өңірге жұмыс сапарымен барып, ынтымақтастықты бекіту жолдарын талқылады. 

Индира Бегайдар, тілші:

Қазақстан Түмен облысының басты сауда серіктестерінің бірі. Еліміздің әкімдіктері мен бұл өңірдің арасында ынтымақтастық туралы 6 келісім бар. Өткен жылы алыс-беріс артып, сауда айналымы 1,5 есе өскен. Алдағы уақытта бірлескен кәсіпорындардың санын көбейту жоспарда бар.

Мұнай-газ, құрылыс, агроөнеркәсіптік кешен, машина жасау сияқты салаларда әріптестік жоғары. Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев өңір губернаторымен кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың маңызды бағыттарына тоқталды, салиқалы сөз, салмақты ұсыныстар айтылды.

Дәурен Абаев, Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті Елшісі

Губернатор Александр Моор біздің Қазақстанға келгісі келеді. Шілде айында келеді іс-сапармен, үлкен бизнес делегация алып келе жатыр. Сол іс-сапар бойынша да біз келіссөздер жүргіздік. Тағы айта кету керек, Түмен облысы өте жақсы дамыған өңір, өнеркәсібі мықты. Әсіресе, мұнай-газ саласындағы компаниялары дамыған. Тәжірибесі мол компаниялар бізге Қазақстанға келіп жұмыс істеуге, өндірісін Қазақстанға ауыстыруға ынталы. Сондықтан біз бұл компанияларға көмегімізді көрсетуге дайынбыз.

Павел Гребнев, компания тобы бас директорының орынбасары:

Түмен қаласында үш өндірістік алаңымыз бар. 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда жұмыс істейтін компаниямен келісім-шарт жасастық. Осы жылы әріптестікті тереңдеткіміз келеді. Сондай-ақ Қазақстанға барып, әріптестерімізді жаңа технологиялармен таныстырсақ деген ниетіміз бар.

Қазақстандық делегация өңірдегі ірі компанияларға барып, іскерлік кездесу өткізді. Алдағы уақытқа жоспар ауқымды, мақсат айқын. Атқарылған жұмыс көп, алайда алда еліміздің әлеуметтік дамуына, экономикаға серпін беретін жобаларды жүзеге асыру керек. Инвестиция игілігін көру де маңызды.

Анатолий Картухин, Түмен облысының Инвестициялық саясат және кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау департаментінің директоры:

Жалпы Қазақстан ТМД мемлекеттерінің ішінде сауда айналымы бойынша да біз үшін маңызды серіктес Шекарада Қазан өткізу пункті жұмыс істейді. Біздің жоспарымыз келесі жылдан бастап пункттің өткізу қабілетін кеңейту. Яғни жеңіл көліктің төрт жолағы және ауыр жүк көлігі үшін екі жолақ болады..

Сондай-ақ сапар барысында Қазақстанның елшісі Түмен мемлекеттік университетінде дәріс оқыды, еліміздің ағымдағы саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы айтып, қызықтырған сұрақтарға жауап берді. Жалпы бұл өңірде 1,5 мыңға жуық қазақстандық оқып жатыр.

Бүгінгі күні Түмен жерінде 39 мыңға жуық қазақ түтін түтетіп отыр. Шеттегі қандастарымыз қазақ тілін құрметтеп, салт-дәстүрді дәріптеу үшін атсалысуда. Соңғы жылдары ана тілін терең үйренем деген қазақтардың саны артқан.

Индира Бегайдар


Хабарламаларға жазылу