Үкімет өнеркәсіптің дамуын қолдайды. Бұл туралы Алматы облысына сапары аясында өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтты. Министр индустриалды аймақта орналасқан «Хёндэ Транс Казахстан» кәсіпорынына барып, жұмысшылармен жағдайымен танысты.
Қазір «Астана Моторс» компаниясының еншілес «Hyundai Trans Kazakhstan» зауыты жылына 50 мың автокөлік шығарады. Кәсіпорында 1300-ден аса адам жұмыс істейді. Жұмысшылардың «Үкімет отандық автокөлік өндірісін қолдай ма?» деген сауалына министр былай жауап берді.
Қанат Шарлапаев, ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрі:Сөзсіз біз автоөнеркәсіпті қолдауымыз қажет. Өздеріңіз ойлаңыздаршы, мұндағы бір жұмыс орны қосымша 7-8 адамның нәпақасын табуына мүмкіндік беріп отыр. Менің бұл жерге келудегі басты мақсатым – алаңдаушылық білдірген қызметкерлерге басу айту. Себебі, олар болашағын ойлап отыр.
Қазір өндірісте білікті кадрлардың мектебі қалыптасқан. Мамандар көлікті бастан-аяқ өздері шығарады. Көлік жасау саласында оқитын жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттері де жиі тәжірибе алмасуға келеді дейді мамандар.
Гүлнара Ахментаева, «Hyundai Trans Kazakhstan» зауыты бояу бөлімінің аға шебері:Біз өзіміз осы жерде өз қолымызбен бояймыз. Мен мысалы, 2004 жылға дейін 3 жыл бойы катафорез бөлімшесінде жұмыс жасадым. Ол жерде біз дәнекерлеу бөлімінен қабылдап алып шанақтарды, оларды химияға электрохимиялық бояқ жасап беріп, одан кейін барып бояу цехына жіберіп отырдық.
«Астана Моторс» жыл сайын өндірістің ауқымын кеңейтіп келеді. Осы жылдың қыркүйек айынан бастап көліктің орындықтарын, мультимедиялық және пластиктен жасалған жабдықтарын шығармақ. Сондай-ақ, зауытта «Барс» компаниясының аккумуляторлары сынақтан өткізіліп жатыр. Бәрі ойдағыдай болса, барлық темір тұлпарларға отандық тауарды пайдаланамыз, - дейді компания өкілдері.
Қуан Нұрақын