«Жамбыл. Жаңа дәуір» фильмі көрерменге жол тартты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Жамбыл. Жаңа дәуір» фильмі көрерменге жол тартты

04.06.2024

«Жамбыл. Жаңа дәуір» фильмі көрерменге жол тартты. Жыр алыбы туралы жаңа лента ақын ғұмырының соңғы 9 жылынан сыр шертеді. Дәл осы кезеңде Жамбыл Жабаевтың аты бүкіл Кеңес одағына танылған болатын.

Тарихи байопик Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен түсірілген. Сценарисі әрі қоюшы-режиссері - Жандос Құсайынов. Оның айтуынша, туындыға кіріспес бұрын архивтер ақтарылған. Ол үшін тіпті Мәскеудегі мұрағаттар зерттелген. Себебі картинаны бастаған бойда бар жауапкершілік те, мақсат та - өмір жолы қарама-қайшылыққа толы тұлғаның болмысын барынша ашу болған.

Жандос Құсайынов, тарихи киноның сценарисі, қоюшы-режиссёрі:

Ол кісі жайлы көптеген кітаптар жазылған, фильмдер түсірілген. Бірақ ол кездегі ұлттық қажеттілігімізді немесе тарихи шындықтан гөрі сол кездегі жүйенің қажеттілігіне жарайтын дүниелер болатын. Сондықтан қазіргі жастар сол кездегі әлеуметтік жағдайды білу үшін, содан кейін кейбір тарихи мәселелерге, тарихи тұлғаларға баға беру үшін осындай фильмдерді көру керек деп есептеймін.

«Жамбыл. Жаңа дәуір» фильмін еліміздің кинотеатрларынан маусымның 6-нан бастап тамашалауға болады.

Қаракөз Тұрмағамбет


Хабарламаларға жазылу