Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты

04.06.2024

Тәуелсіздігіміздің нышаны мемлекеттік рәміздердің қабылданғанына бүгін - 32 жыл. Рәміздер күніне орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы басты байрағымызды көтеру салтанатына қатысты. Қазақстан халқын мерекемен құттықтап, көк туымыздың түбіне тұтасуға шақырды. Әрі әскери шендер тапсырып, қызметке кіріскен жас офицерлерге сәттілік тіледі.

Бүгін - Мемлекеттік рәміздер күні. Елдігімізді нығайтып, бірлігімізді бекемдейтін мереке. Осы айтулы күні еліміздің бас байрағын көтеру игі дәстүр. Салтанатты рәсімге президент қатысты.
Әнұранның әуенімен ту тұғырына қонған соң Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтады. Байрағымыз аспандаған сайын ұлт мерейі асқақ болатынын айтып, туды тәуелсіздігіміздің тұмары, ынтымағымыздың бастауы деп атады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Батыр бабаларымыз ел тағдыры сынға түскен сәтте бір тудың түбінен табылған. Бірлігін бекем ұстаған, елі мен жерін қорғаған. Байтақ даланы көзінің қарашығындай сақтап, ұрпағына мирас еткен. Сол аманатқа адал болу – ұрпақтың ұлы мұраты.
Сол мұратқа жету үшін Мемлекет басшысы бір ел, бір халық болып көк тудың түбіне тұтасуымыз керек деді. Қазір елімізді әлем таниды. Спортшыларымыз байрақты бәсекелерде намысты бермейді. «Алда Олимпиада ойындары келе жатыр. Өрендеріміз Париж төрінде де туымызды тік ұстайды деп сенемін» – деді Президент. Оның үстіне бейбіт сүйгіш еліміздің туы әлемге бірлік пен татулықтың байрағы ретінде танылғалы қашан.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз достық қағидатын әрдайым берік ұстанамыз. Қазір бәріміз бір кісідей жұмылып, Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Баршаға бірдей мүмкіндік беретін қоғам орната бастадық. Аз уақыт ішінде ауқымды саяси реформа жасадық. Жаңа экономикалық бағытымызды айқындадық. Сондай-ақ жас ұрпақтың сана-сезімін жаңғыртып, сапалы ұлт болуға бет бұрдық.
Бұдан соң Мемлекет басшысы әскери шендерді тапсырды. Бұл жолы жоғары оқу орнын үздік бітірген 12 курсант «алғашқы жұлдыздарын» Президенттің қолынан алды.
Ал ұлдарының жетістігін көріп марқайған ата-аналар тіптен мәз.
Орынтай Маманова, әскери шен алған курсанттың әжесі:
Барша осы қазағымыздың азаматтары бізді, Отанды қорғайтын әрқашанда аман болсын. Рухымыз биік болсын, көк туымыз әрқашанда осылай аспанымызда желбірей берсін. Барша қазағыма тек жақсылық тілеймін.
Асылбек Бердібаев, әскери шен алған курсанттың әкесі:
Мен де қуаныштымын. Барлығына да осындай жұғысты болсын. Мерейлері арта берсін.
Жас офицерлерге Президент те жылы лебізін білдіріп, қызметтеріне сәттілік тіледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ер-азамат үшін ел тыныштығын күзету – ең абыройлы міндет. Әйгілі батырымыз Бауыржан Момышұлы «Ердің туы – намыс» деген. Өздеріңіз сияқты отаншыл әрі намысты ұландары бар Қазақстанның келешегі жарқын екені анық. Баршаңыз антқа адал болып, ел шебін қырағы қорғайсыздар деп сенемін.
Досжан Маратұлы, тілші:
Осылайша еліміздің қарулы күштері бүгін жаңа офицерлермен толықты. Лейтенант атанған жігіттер енді қысқа мерзімді демалыстан кейін қызметтеріне кіріседі. Ал мемлекеттік рәміздер күні бүгін ел бойынша аталып өтті. Тәуелсіздігіміздің нышаны Мемлекеттік рәміздердің қабылданғанына биыл 32 жыл болды.
Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу