Жетісай ауданында индустриалды аймақ үшін шаруалардың жерін алмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісай ауданында индустриалды аймақ үшін шаруалардың жерін алмақ

05.06.2024

Түркістан облысының Жетісай ауданында шенеуніктер индустриалды аймақ салу үшін тұрғындардың егістік жерлерін тартып алып жатыр. Алты жыл бұрын Мақтаарал ауданынан бөлінгенде өніріс орындарының ошағы сол аумақта қалып қойған. Енді Асықата кентіндегі 54 гектар жерге көз салып отыр. Ал, шаруалар жалғыз күн көрісімізден айырылып қаламыз, деп алаңдаулы. 

Жұман Қайназаровтың ауыл іргесінде үш гектардан аса егістік жері бар. Биыл пай үлесіне алған жерге қауын еккен шаруа соңғы уақытта соттың табалдырығын тоздырдым дейді. Себебі, жарты жыл бұрын жерінің мемлекет мұқтаждығына алынатыны туралы хабар келген.
Жұман Қайназаров, Асықата кентінің тұрғыны:
Осымен күн көріп жатырмыз. Бұл жерде басқа ешкім жұмыс істемейді. Бұл жердегі адамдардың барлығы тек қана жермен күн көріп отыр. Мына күні аламыз деп айтпайды. Бірақ аламыз дейді келешегі. Қайда арызданарымызды да білмей қойдық. Қолымыз келте.
Кенттің іргесіндегі 54 гектар сулы жер 16 отбасыға пай үлесі ретінде жалға берілген. Қазір олардың барлығына сотқа шақырту қазағы келуде. Алайда диқандардың ешбірі жерін мерзімінен бұрын қайтарғысы жоқ. Орнына алыс ауылдан жер береміз дегенімен оған барып келу әрі игеру қиынның қиыны деп отыр.
Өмір Белесбаев, Асықата кентінің тұрғыны:
Бізге жер береміз деді. Ол жерлер 5-6 жыл егілмеген. Жыңғыл басқан, шөп басқан. Қараусыз жерді. Су жоқ. 50 км жерді. Барып келуің 100 км. Ол жақтан алмаймыз деп айттық.
Барысби Оразбаев, Асықата кентінің тұрғыны:
Сорланған жерлер бар 60 гектар, 20 гектар. Айналдырған үш гектар жеріміз бар, соған халықтан жинап алып жатқаны ғой.
Ал ауданның атқамінерлері болса бұл жерлерге инфрақұрылым тарту оңай дейді. Сондықтан жерді қайтарып алуға бекініп отыр.
Тұрышбек Елшібаев, Жетісай ауданы әкімінің орынбасары:
 Заңы солай, мемлекеттің жері. Оны біз 49 жылға берілген уақытысында. Мемлекеттің мұқтаждығы үшін алуға құқымыз бар. Түсіністікпен алып жатырмыз. Түсінбегендерін сот арқылы алып жатырмыз.
Бүгінгі дейін төрт адам жерді өз еркімен қайтарған. Қалғандарын жерглілікті билік сот арқылы мәжбүрлемек. Өйткені ауданға келген инвесторлардан айырылып қалғысы жоқ.

Айнұр Әбілқасымқызы

Хабарламаларға жазылу