KAZ Minerals кәсіпорыны – кенді ашық үлгіде және азғантай шығынмен игеретін әлеуеті мықты мыс өндіруші компания. Абай облысы Аягөз ауданының Ақтоғай кенті аумағында орналасқан өндіріс орны 3500 адамды жұмыспен қамтып отыр. Дайын өнім шетелге экспортталады және мыс балқыту зауытына жіберіледі.
Ақтоғай – ашық типтегі ірі ауқымды мыс кеніші. Оксидті кеннен катодты мыс және сульфидті кеннен мыс концентраты өндіріледі. Өндіріс орны жылына 252 мың тонна мыс өндіруге қауқарлы. Биыл алғашқы үш айда 56 мың тоннаға жуық шикізат өндірілді.
Ғани Советов,өндірістік басқарманың бастығы:Диірменнен өткен рудамыз флатацияға түседі. Флатациядан алынған өнім соңғы концентрат болып есептеледі. Концентраттың құрамында 25% мыс өнімдері бар. Сол концентратымыз әрі қарай металлургиялық кәсіпорындарға жіберіліп тұрады.
Өндіріс орны жас мамандар үшін бірнеше бағдарламаны іске асыруда. Оқу орындарын тәмәмдаған студенттермен қоса, Ақтоғай, Қопа кенттерінің тұрғындары жаңа кәсіпті игеріп, жұмысқа орналаса алады. Тағылымдамадан өтетін азаматтар үшін арнайы грант бар.
Назерке Сағындық, жабдықтың беріктігі бойынша аға инженер:2022 жылдың тамыз айында мен «Тағылымдама» бағдарламасы бойынша Казминералсқа жұмысқа келдім. Мен өз орнымды таптым деп ойлаймын. Себебі, менің жұмысым ол жаңа ақпарат іздеу, әлемдегі жаңа модификацияларды іздеу, толықтай анализ жасау, аналитикалық мүмкіндіктерді қолдану және де әлемдегі бар жаңа инновацияларды Ақтоғай тау кеніне енгіздіру, ол менің жұмысымның бірі болып саналады.
2021-2022 жылдары қабылданған тәлімгерлердің 80%-дан астамы еңбекке тартылған. KAZ Minerals Ақтоғай кәсіпорны «Тағылымдама» және қайта даярлау бағдарламалары арқылы өндіріс орнында тәжірибе жинақтап, жұмысқа орналасудың ең тиімді жолын ұсынып отыр.
Аслан Ертісбаев