Креативті индустрия: Қазақ тіліндегі контент дамып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Креативті индустрия: Қазақ тіліндегі контент дамып келеді

05.06.2024

Қазақ тілінде контент дамып келеді. Бүгін Астанада QazaqSham форумы өтіп, креативті индустрия саласындағы жаңа жобалар таныстырылды. Жиынға блогерлер мен музыка, кино жалпы өнер саласын дамытып жүрген продюсерлер қатысып, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Көпшілікке «Тарихшы ағай» лақаб атымен танымал Нұрқожа Ерсайын қазақ тілді аудиторияның сүйікті блогерлерінің бірі. Ол, қазақтың тарихы туралы түсірілген қысқа-нұсқа роликтермен танылды. Әлеуметтік желісінде бірнеше жүз мың оқырманы бар жігіт қазір қазақ тілі мен салтын ТМД аумағында насихаттап жүр.

Нұрқожа Ерсайын, тарихшы, археолог-экспериментатор:
Осыдан төрт жыл бұрын бастаған кезде ол мүмкін емес нәрсе болып көрінетін. Қазақ тілінде, оған қоса әзіл емес пайдалы контент. Қызықсыз контент деуі мүмкін. Тарихты ешкім жақсы көрмейтін мектеп оқығанда. Мен соны қызықты қылып жеткізгеніме өзім таң қалдым.

Нұрқожа сынды талантты жастар қатары жыл санап артып келеді. Солардың бірі - Айнұр Мәлібекова. Ол өз командасымен балаларға қазақ тілін ыңғайлы әрі тиімді тәсілмен үйрететін арнайы қосымша ойлап тапқан. Ал, Алтынай Есенжанова YouTube желісіндегі балаларға арналған ең танымал арнаның негізін қалаушы. Міне, форумға ана тіліміздегі конттентті дамытып жүрген таланттар қатысты. Олардың айтуынша, саланы алға сүйреу үшін мемлекеттің қолдауы керек.

Асхат Қалимов, кәсіпкер:
Қазір қазаз тілінде жүргізілетін 5-6 канал бар. Оның санын 100-ге жеткізу керек. Негізінде 300-ге жеткізсеңіз болашақта біздің балалардың барлығы қазақша сөйлейді. Қазіргі таңда 1 қазақ тілді YouTube арнаға 70-80 басқа тілдес канал шығады. Тек кино ғана емес музыка, ойындар болуы керек. Оның бәрін реттестіру керек, ол бір адамның қолынан келмейді. Сондықтан бір ұйым немесе департамент керек.

Ресми статистикаға сүйенсек, елімізде балалардың 77 пайызы YouTube желісін қолданады. 41 проценті TikTok, 30 пайызы Instagram-дағы контентті құп көреді. Сондықтан қазақ тіліндегі контенттің маңызы зор. Форум барысында креативті индустрия саласының өкілдері жиынға қонақ ретінде қатысқан Сенат төрағасы – Мәулен Әшімбаевқа жаңа жобаларын таныстырды.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
Осы салаға президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев үлкен мән беріп отырғанын барлықтарыңыз білесіздер. Жалпы қазақ тіліндегі сапалы контент жасау, оны тарату, жастарды осы контенттің аясында тәрбилеудің үлкен стратегиялық мәні бар.

Креативті индустрия жалпы «Креативті экономика» ұығымы Қазақстанда жақында пайда болса да қарыштап дамып жатыр. Отандық кино, музыка, өнер туындылары әлемдік чарттар мен беделді рейтинтерде үздіктердің қатарында. Бұл сала бүгінде біршама елдің табыс көзіне айналған. Ресми статистика бойынша, қазір әлемде 30 млн-ға жуық адам экономиканың осы секторында табыс тауып жүр. Ал, Қазақстандағы креативті кәсіпкерлер саны 30 мыңнан сәл-ақ асады. Алдағы мақсат олардың қатарын көбейтіп, жалпы ішкі өнімдегі үлесін 5 пайызға жеткізу.

Нұрсұлтан Тілектес


Хабарламаларға жазылу