Мемлекеттік мекемелер журналист сұраған ақпаратқа 5 жұмыс күні ішінде жауап беруге міндетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекеттік мекемелер журналист сұраған ақпаратқа 5 жұмыс күні ішінде жауап беруге міндетті

06.06.2024

Шұғыл ақпаратқа тиісті мекеме үш сағаттың ішінде жауап беруі тиіс. Ал, түсірілім тобы жұмыс барысында зардап шексе, барлық шығынды жұмыс беруші өтеуге міндетті. Бүгін Сенатта «Масс-медиа туралы» заң мақұлданды. 

Отандық теле-радиоарналарда шетелдік бағдарламаларды көрсету 20-дан 10 пайызға дейін азайту көзделіп отыр. Есесіне, қазақстандық авторларды қолдауға мән беріледі.

Айгүл Қапбарова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Қазақстандық авторлардың-орындаушылардың отандық теле-радиобағдарламалары мен музыкалық шығармаларының санын 50 пайыздан 60%-ға дейін кезең-кезеңмен ұлғайту көзделді.

Мемлекеттік мекемелер журналист сұраған ақпаратқа 5 жұмыс күні ішінде жауап беруге міндетті. Талап орындалмаса, жауапты өкіл тәртіптік жазаға тартылады. Сөгіс немесе қатаң сөгііс беріледі. Ал, шұғыл ақпаратқа кемінде 3 сағаттың ішінде жауап берілуі тиіс.

Қанат Ысқақов, ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары:

Егер де төтенше жағдай болған кезде 3 сағаттың ішінде жауап беруі керек. Ал, мемлекеттік органның мәлімдемесін анықтау үшін немесе басшысының сөзін анықтау үшін 2 күн. Ал, жалпы нақты талап етететін сауал болса, онда 7 күннен 5 күнге қысқартылды.

Енді мемлекеттік ақпараттық тапсырыстың сапасына басымдық берілмек.

Әсем Рахметова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Сантиметр мен минут санап, мемлекеттік тапсырысты орындап жатқандар тақырыпты ашу, оқырман назарын аударатын дүние жасауға ұмтылатын болады. Жарияланған материалдар бойынша талап қою мерзімін азайту журналистің соңына шам алып түсушілердің алдын алуға бағытталып отыр.

Яғни, жарияланған материалға бір жылдың ішінде шағым түсіруге болады. Одан кейін авторды ешкім сотқа бере алмайды. Демек, журналистер дәлелдерін жылдар бойы мұрағатта сақтамайды.

 Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, мемлекет, медиа және қоғам арасындағы келісім әділетті қазақстанның берік іргетасына айналуға тиіс. Осы ретте мақұлданған заңдар азаматтардың, масс-медиа саласындағы әріптестеріміздің мүдделерін қамтамасыз етіп, сапалы жаңа құқықтық модель қалыптастырады деп сенеміз.

  Самал Қабышева, тілші:

«Масс-медиа туралы» заңнан бұған дейін дау туғызған «баспасөз картасы» мүлдем алынып тасталды. Себебі, бұл талап журналистердің құқығын шектейді деп қоғам наразылығын туғызған болатын. Ал, жаңа заң жобасы 70 баптан тұрады. Толық нұсқасы Сенаттың ресми парақшасында жарияланған. Сенаторлар мақұлдаған «Масс-медиа туралы» заң енді Президентке қол қоюға жіберіледі.

 Самал Қабышева

Хабарламаларға жазылу