Өтемақы алмайтын кәсіпкерлерге демеушілер көмектеседі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өтемақы алмайтын кәсіпкерлерге демеушілер көмектеседі

06.06.2024

Ақтөбе облысында тасқын кезінде зардап шеккен кәсіпкерлерге түгел көмек беріледі. Мәселен заң бойынша мемлекеттен өтемақы ала алмайтындарына демеушілер тарапынан қолдау көрсетіледі. Өңірде тұрғын үйлерден бөлек, 76 кәсіпкерлік нысанға залал келген еді. Кәсіп иелеріне қазір қандай қолдау көрсетіліп жатыр. 
Жақсыбек Кемал, тілші:
Ауыл тұрғыны өзен жағасындағы бұл алқапты алма бағына айналдыруды көздеген. Алайда, оның үміті ақталмады. Өйткені, бір жарым гектар аумаққа егілген көшеттер су астында қалған.
Жалғас Бегесінов Қобда өзенінің жағасындағы бұл алқапты бекер таңдамағанын айтады. Өйткені, су жақын болғандықтан, жердің ылғалдылығы да жақсы. Одан бөлек ауылға келетін жолдың жиегі болғандықтан, елді мекеннің сәнін келтіреді деп ойлаған.
Жалғас Бегесінов, кәсіпкер:
Су шығардым. Жұмысшыларға көмектескен, еңбектерін бердім. Табиғи нәрсе ғой, айтып келмейді. Бұйырса көреміз, Бірақ еңбегімді әрі қарай жалғастыра беремін, жұмыстан қашпаймын.
Шығынға батқан кәсіпкерге заң бойынша өтемақы берілмейді. Алайда, жергілікті билік оны қолдаусыз қалдырмайды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша былтыр жеті миллион теңгеден астам қаржы алған бағбанның несиесі үш айға кейінге шегерілді. Ал, күзге қарай демеушілер есебінен 250 түп алма ағашы сатып алынады. Жалпы, аудан бойынша тасқыннан он шақты кәсіпкерлік нысаны мен 38 шаруа қожалығы зардап шекті.
Бақдәулет Түктібаев, Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
923 бас мал басы және 188 жарым млн теңгені төлеп болдық. Бірақ қалып қойған төрт шаруа қожалығы бар, ол заңға сәйкес төлеуге келмейді. Оларда тұрған 39 бас жылқы, 3 бас бас сиярға төленбей қалып тұр. Ол да жақын уақытта  шешіледі.
Шығынға батқан кәсіпкерлерлік нысандарының көбі – облыс орталығында. Өтемақы төлеу бойынша аймақтық комиссияның алғашқы отырысы енді өтеді. Әзірге,тек 1 адамнан өтінім түскен.

Жақсыбек Кемал

Хабарламаларға жазылу