Абай облысында 4 мыңға жуық отбасы баспаналы болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай облысында 4 мыңға жуық отбасы баспаналы болады

07.06.2024

Абай облысы өз алдына дербес өңір атанғалы өндірілген өнім көлемі 3 трлн теңгеге жетті. Облыс ел бойынша 5 орында тұр. Аймақта 470-тен астам кәсіпорын жұмыс істейді, оның 355-і өңдеу өнеркәсібі. Өңірде шағын және орта бизнестің дамуына да ерекше екпін берілген. Бүгін облыста өткен кеңейтілген кеңесте алдағы міндеттер талқыланды.

Биыл Абай облысында 4 мыңға жуық отбасы баспаналы болмақ. Дербес аймақ атанған екі жыл ішінде өңірде тұрғын үй құрылысы қарқын алды. Халықтың тұрмыс сапасын жақсартып, табысын көбейту-негізгі міндет. Өңірдің экономикасы да еселенді. Кіріс көлемі 44 пайызға артып, 44 млрд теңгеге жуықтады.
Әділбек Мұсабаев, Абай облысы әкімінің орынбасары:
Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт инфрақұрылымын дамып, облыс халқының игілігі үшін жұмыс істейтін болады. 7 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылады және өңірдің экономикалық әлеуеті артады. 
Әсіресе әлеуметтік сала басты назарда. Бюджеттің 54% әлеуметтік салаға, 36% нақты секторды дамытуға бағытталған. Бұл қысқа мерзімде қол жеткізген толағай табыс.
Мейрамхат Айнабеков, Абай облысы қоғамдық кеңесінің төрағасы:
2 жыл деген облыс құрғанға қас қағым ғана уақыт, көп уақыт емес. Бірақ, соған қарамастан облыстың экономикасының өрлеуі, халықтың әл-ауқат жағдайының жақсаруы, болашаққа деген елімізге, облысымызға салынатын инвестицияның көлемі, салынып, ашылған құрылыстар басқа да салалар жөнінде үлкен жұмыстар атқарылып жатқанын біз бүгін тыңдап, бәріміз куә болдық. 
Жалпы 2 жылда Абай облысының бюджеті 2 есе өсіп, өңірге сырттан қомақты инвестиция тартылды. Биыл аймақта 101 әлеуметтік нысанның құрылысы басталады.

Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу