Пойыз билеттері тапшы: Себептері қандай? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Пойыз билеттері тапшы: Себептері қандай?

09.06.2024

Адамдардың әрлі-берлі қозғалысы артатын жазғы маусымда пойыздарды көбейту - міндет. Бұл жұрт барып демалатын аймақтарға да қатысты. Аймақтар деп көпше айтудың қажеті де жоқ. Дәлірегі Алакөлге. 

Үкіметте осы мәселеге орай жиын өтті. Бүгін маусымның тоғызы, не істеліп жатыр? Шын мәнінде ахуал қандай? Билет тапшылығының басты себептері - монополия, вагон тапшылығы, сосын? Билет тауып бергіштер әлі жүр ме екен? Олардың да «онлайн қызмет» көрсетуге көшкені сөзсіз... 

Алып-ұшқан көңілді басатын, жүйке жұқартатын «Жол азабы» деген эпопеяның биылғы тарауына қатысты прологты Данияр Қайыртай жазды. Әйтсе – дағы бір жақсы жаңалық бар. Сол Алакөлге жетуге байланысты. 

Астаналық Асхат Жақсылықтың Арқалыққа жүретін пойызға билет сатып алып шыққан беті. Отбасылық демалысқа осылай бір ай бұрын қамданбаса, жөпелдемеде орын болмай қалады дейді.

Асхат Жақсылық, Астана қаласының тұрғыны:

Қазір жаз айларында жұрттың бәрі алдын ала қам жейді ғой. Он күннен кейін де билет болмай қалуы мүмкін, 15 күннен кейін келсең де болмай қалуы мүмкін.

Асхат жақын күндері жұмыс бабымен Қостанайға да баруы керек еді. Екі арада күнделікті қатынап тұратын алты пойыздың бірде-біріне алдағы аптаға билет жоқ, дейді. Енді алыс жолға такси жалдап бармақ.

Асхат Жақсылық, Астана қаласының тұрғыны:

Келесі аптада Қостанайға баратын уақытым еді. Соған билет таба алмай отырмын.

Жолаушы тасымалдаумен айналысатын компания мұндайда билет сататын сайттың «Күту парағы» деген қызметін пайдалану керек дейді.

Ерлан Жимайлов, «Жолаушылар тасымалы» АҚ Сату және клиенттермен жұмыс департаментінің директоры:

Соның арқасында жолаушылар билет жоқ кезде сайт арқылы немесе билет кассасында электрондық кестесіне тұруға болады. Оған хабарлама келеді, біреу билет қайтарса, екі сағат ішінде билетті сатып алу керек.

 Биылғы бес айда «Күту парағына» кезекке тұру арқылы 23 мың билет сатылса, былтыр 170 мың жолаушы осы қызметті пайдаланыпты. Алайда қысылтаяңда билет таппағанда делдалдардың көмегіне жүгінетіндер бар. Олар қазір вокзал кассасын торуылдап жүрмейді.

Нұржан Келбұғанов, ҚР КМ Теміржол және су көлігі комитеті төрағасының орынбасары:

Делдалдар өз атына, қасындағы жора-жолдасының атына алдын ала сатуды пайдаланып, соны уақытында қайтадан сатуға жіберіп, жаңағы күту парағына кіргізіп жіберіп, басқа да схемалар арқылы жұмыс істейді. Жалпы азайып келе жатыр. Жоқтың маңы деп айтуға болады.

Данияр Қайыртай, тілші:

Хабарландыруларға арналған белгілі сайтта Қазақстанның кез келген өңіріне жүретін пойызға билет тауып береміз деген бірнеше жарнаманы көрдік. Соларға хабарласып, жақын күндерге Астана-Алматы бағытына билет тауып бере ала ма екен, анықтап көрейік. Себебі біз бұған дейін қарағанымызда Астанадан Алматыға дейін қатынайтын пойыздарға жақын күндерге билет мүлдем жоқ болып шықты.

Міне, байқап отырғандарыңыздай, делдалдар қанша жойылды дегенімізбен, кез келген бағытқа 100 пайыз сенімділікпен билет тауып береміз деп отырған делдалдар «қызметін» әлі де жалғастырып отырғанға ұқсайды.

Экономист теміржол саласында қордаланған мәселелердің себебін бәсекенің жоқтығынан іздейді.

Ерлан Кәрімов, Экономикалық зерттеулер институты Өңірлерді зерттеу орталығының директоры:

Қазақстанда, өкінішке орай, теміржол саласы монополиялық нарық. Сәйкесінше бәсекелестік жоқ жерде жолаушыға берілетін қызметтер сапасы жағынан, бағасы жағынан қолайсыз болады деп білеміз.

Осы жазда теміржол арқылы 4 млн-нан астам жолаушы тасымалданады деп болжанып отыр. Бұл былтырғыдан 400 мың адамға көбірек.

Демек билет тапшылығы одан бетер өршуі мүмкін. Себебі онсыз да пойыз құрамдарына вагон жетіспейді.

Нұржан Келбұғанов, ҚР КМ Теміржол және су көлігі комитеті төрағасының орынбасары:

Билет тапшылығы ол – вагонның жетіспеушілігіне байланысты. Біз 2022 жылы 68 вагон сатып алсақ, 2023 жылы – 113 вагон сатып алдық, биыл 140 вагон сатып алу жоспарлануда. Ал келесі жылы 224 вагон жоспарлануда. Осының барлығы осы мәселені біртіндеп шешіп келе жатыр.

Оның үстіне негізгі курорттық аймақ саналатын Алакөлге тұрақты жүретін 4 пойызға қоса, 15 маусымнан бастап тағы 8 пойыз қосылмақ.

Асхат Ақынбеков, «Жолаушылар тасымалы» АҚ атқарушы директоры:

Алакөл бағытында 12 бағыт, маршрут белгіленген. Былтыр 11 болатын. Биыл халықтың сұранысына байланысты бір бағыт қостық, ол Қызылордадан.

 Сонда биыл Алакөлге 270 мың жолаушы тасымалданады деп есептеліп отыр. Бұл былтырғы жолаушы санынан 16 мыңға көп. Одан бөлек Алакөлдің екі жағасына Астана мен Алматыдан аптасына 33 әуе рейсі ұшады. Бір ғана Qazaq Air осы бағытта жаз бойы 13 мыңнан астам жолаушы тасымалдамақ. Бірақ биыл билет құны қымбаттау болады – 25-50 мың тг аралығында.

Ақбота Орынбаева, «Qazaq Air» PR және жарнама бөлімінің басшысы:

Биыл біз субсидиядан бас тарттық. Себебі, біріншіден, біз мемлекеттік компаниямыз, + біз субсидияға бөлінетін қаржының тиімді және басқа да қажет ететін аймақтарға бөлінуін қамтамасыз ету мақсатында бұл рейстерді коммерциялық рейстерге ауыстырдық.

Ал субсидияланатын рейстерді «Оңтүстік аспаны» әуе компаниясы орындайды. Оған билетті 14-18 мың теңге аралығында алуға болады деп сендірді Көлік министрлігі. Ал Алакөлден өзге туристік аймақтарға облыс орталықтары арқылы жетуге тура келеді. Бұл ретте жолаушылар қала аралық рейстердің құны аспандап тұрғанына шағынады. Ал әуе компаниялары билетті алдын ала сатып алуға кеңес берумен шектеледі.

Тілек Әбдірақымов, «Air Astana» ресми өкілі:

Ішкі рейстерге тарифтерді 2021 жылғы қараша айынан көтермегенбіз, өзгертпегенбіз. Жалпы жаз маусымы жоғары сұранысқа ие болғандықтан біз жолаушыларымызға билеттерді алдын ала сатып алуды кеңес береміз.

Ерлан Кәрімов, Экономикалық зерттеулер институты Өңірлерді зерттеу орталығының директоры:

Шығындарының 30 пайызы – әуе керосинімен байланысты. Біз оны шет елден сатып аламыз. Түркіменстан, Қытайдан сатып аламыз. Сондықтан біздің ұсыныс – әуе керосинін өндіруді Қазақстанда локализациялау керек.

Абыл Кекілбаев, Азаматтық авиация саласы бойынша сарапшы:

Ал ішкі нарықтағы ұшақтың жетіспеушілігі, билеттің бағасы қолдан жасалып отырған нәрсе. Себебі шет ел авиакомпаниялары біздің ішкі нарығымызда ұша алмайды, оған қоса өзіміздің авиакомпаниялар ішкі нарықты қамтамасыз етпей, шет елге қарап отыр. Әсіресе, осы жаз кезінде белгілі болып қалады. +Кейібір аймақтарға рейстер саны азайып қалғанын байқауға болады.

Ұшақ – қымбат, пойыз – тапшы. Туристердің көпшілігіне Алакөлге тас жолмен шаңдатып барып-қайтуға тура келетін сияқты. Әлде сол ақшаға шет елге жөңкіле ме?

Данияр Қайыртай


Хабарламаларға жазылу