Ташкентте «Орталық Азия – Қытай» форумы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ташкентте «Орталық Азия – Қытай» форумы өтті

10.06.2024

Орталық Азия елдері, оның ішінде Қазақстан мен Қытай арасындағы қауіпсіздік, цифрлық экономиканы дамыту мен технологиялық трансферттер жасау. Осы тақырыптар Ташкентте өткен «Орталық Азия – Қытай» IV форумында талқыланды. Жиынға біздің елден үш бірдей саяси зерттеу ұйымының өкілдері қатысты.

Саясаттанушылар мен экономистер Орталық Азияда «C5+1» форматындағы форумдардың маңызы артып келе жатқанын айтады. Қытай, АҚШ секілді алпауыт мемлекеттермен сындарлы диалог қалыптасқан. Орталық Азия мен Қытай үшін саяси зерттеу институттарының өзара байланысы аса қажет.

Айдар Әміребаев, Саяси зерттеулер орталығының директоры:

Қазақстанның мүддесі қандай болмақ, Орталық Азиядағы орнымыз қандай, Өзбекстанмен басқа да мықты мемлекеттермен қарым қатынасымыз өте жақсы, осы жиынды жақсы пайдаланып, бірге жұмыс істесек халқымызға тиімді болады деп ойлаймын.

Төртінші рет өткізіліп отырған сарапшылар форумында Орталық Азия мен Қытай арасындағы қауіпсіздік, цифрлық экономиканы дамыту, саяси және гуманитарлық бағыттағы мәселелер талқыланды. Бірін-бірі сенімді серіктес ретінде танитын тараптар, байланысты одан әрі бекемдеуге ниетті. Саяси зерттеулер жүргізу, ой-пікір алмасу алдағы уақытта жалғасын табады.

Асқар Нұрша, ҚР Президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары:

Қытай – Қазақстанның маңызды саяси серіктесі. Осы ретте бұл елдің бізге, біздің Қытайға қатысты позициямызды анықтап алу қажет. Үкімет қандай да бір шешім қабылдамас бұрын, әуелі сарапшыларға жүгінеді. Тиісінше, мамандар арнайы талдау жүргізіп, билікке ұсыныс әзірлейді.

Біздің міндетіміз – мемлекетаралық қарым-қатынастың тәуекелі мен мүмкіндіктерін анықтап отыру, - дейді сарапшы. Орталық Азия елдері мен Қытайдың байланысын нығайта түсу үшін аймақ елдерінің ортақ позициясын қалыптастыру маңызды. Форум қорытындысы бойынша әр елден келген талдау орталығының мамандары тиісті ұсыныстар легін әзірлемек.

Базаркүл Отыншиева


Хабарламаларға жазылу