20% қысқарған онкология бюджеті қайта қаралады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

20% қысқарған онкология бюджеті қайта қаралады

10.06.2024

20% қысқарған онкология бюджеті қайта қарала ма? Бүгін Мәжіліс депутаттары, Денсаулық сақтау министрлігінің мамандары және қатерлі дертке шалдыққан азаматтар осы мәселені бірге талқылады.

Сабыржан Нұржанов - 55 жаста. Бауырдың қатерлі ісігіне шалдыққан. Операцияға денсаулығы жарамайды. Өмірі дәріге тәуелді. 21 күн сайын қабылдайтын дәрінің бағасы - 2 млн теңге.

Сабыржан Нұржанов, емделуші:

Бүгінге 16 курс қабылдап отырмын. 11 курсын өзім сатып алдым. 5 курсын Үкімет сатып алып беріп, мен ол емді осы жылдың аяғына дейін алуым керек. Енді-енді қалыптасып келе жатқанда онкология бюджетін қысқарту деген қиын жағдай.

Сабыржан Нұржанов сынды қатерлі ісікке шалдыққан өзге де жандар депуттардың қатысуымен өткен жиынға келді. Жағдайларын айтты. Басқасы басқа, қатерлі ісікке шалдыққандардың есебінен бюджетті үнемдемеуді сұрады. Ал, Денсаулық сақтау вице-министрі бюджеттің 20 пайызға қысқаруын былай деп түсіндірді.

Соңғы 4 жылда онкологияға бөлінетін қаражат 3,6 пайызға артқан. Мәселен, 2020 жылы 42 млрд теңге болса, былтыр 153 млрд теңгеге жеткен. Ал, бюджетте 31,8 млрд теңге қаражат үнемделіп қалған. Осы жұмсалмаған қаражатты басқа бағытқа бөлу үшін онкологияның бюджетін қысқарту жөнінде шешім қабылданыпты.

 Тимур Сұлтанғазиев, ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары:

Бюджетте қалып тұрған ақшаны қажетті өте өзекті мәселені шешу үшін ана-мен бала денсаулығын жақсарту үшін сол қаражат сол жаққа жұмсалады.

Осындай жоспар болған. Бірақ, Мәжіліс депутаттарының араласуынан кейін онкологияның бюжетін 20 пайызға қысқарту мәселесі қайта қаралатын болды.

 Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Ең басты нәтиже жаңағы комитетте қол жеткізгеніміз, 20 пайызға қысқару соңғы нүкте емес. Бұл бұйрық қайтадан қаралады. Керек болатиын болса, қажетті зерттеулерден кейін тіпті тарифті көтереміз деген жақсы ақпарат бар.

Ал, Қазақстанда қатерлі ісікке шалдыққан 205 мыңнан астам адам есепте тұр. Оның 40 мыңнан астамы сүт безіне шалдыққан. Екінші дендеп тұрған дерт - өкпе, үшінші - ішек, төртінші - асқазан обыры. Елімізде жылда қатерлі ісіктен 13 мыңнан аса адам көз жұмады.

Самал Қабышева


Хабарламаларға жазылу