Егін егу: «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша 300 млрд теңге қаржы бөлінген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Егін егу: «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша 300 млрд теңге қаржы бөлінген

10.06.2024

Биыл көктемгі егін егу мен күзгі жиын-терім жұмыстарын жүргізуге «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша 300 млрд теңге қаржы бөлінген. Осы бағдарлама аясында Солтүстік Қазақстан облысының 30-дан астам фермеріне қаржы берілді.

Аққайың ауданындағы «Полтавское» серіктестігі 15 мың гектар алқапқа егін егеді. Шаруашылық басшысы Ерлан Зікрин биылғы тасқын көктемгі дала жұмыстарын қиындатқанын айтады. Дегенмен, мемлекеттік қолдаудың арқасында тығырықтан шығар жол тапқан. «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша 200 млн теңге несие рәсімдеп, сапалы тұқым сатып алған.

Ерлан Зікрин, «Полтавское» ЖШС директорының орынбасары:

«Кең дала 2» бағдарламасы өте ыңғайлы, алдыңғыға қарағанда шарттары шаруаларға ыңғайлы. Мәселен, қарызды келесі жылдың наурыз айында қайтарамыз. Ал бидайды наурыз айында ең тиімді бағаға сатуға болады.

Шаруа мемлекеттік бағдарлама кәсібін дамытуға мүмкіндік беріп отырғанын айтады. Соның арқасында елді мекендегі жолдардың 80 пайызын жөндеген. Балабақша, медициналық пункт, қоғамдық монша мен жұмысшыларға үйлер салып берген.

Мәрлен Нәбиев, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

Субсидияландыру тікелей қаржы институтына, бізге «Аграрлық несие корпорациясына» түседі. Фермер 5 пайызюен несие алады, бас ауырмайды. Кепілдік талаптарды азайту, «Даму» қорының гарантиесін тарту арқылы 15 пайыз өзінің мүлкін қояды кепілге 85 пайызын гарантие арқылы алынады.

Енді несиені «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша Аграрлық несие корпорациясының филиалдарынан, екінші деңгейлі банктер, кредиттік серіктестіктер, микроқаржы ұйымдары, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар мен өңірлік инвестициялық орталықтар арқылы алуға болады.


Хабарламаларға жазылу