Қызылорда облысында ауылдың 220 гектар егістік жері бір адамның меншігіне өтіп кеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында ауылдың 220 гектар егістік жері бір адамның меншігіне өтіп кеткен

11.06.2024

Қызылорда облысында Жайылма ауылының халқы егін егуге шұрайлы жерге қол жеткізе алмай келеді. 15 жыл бұрын тұрғындар бірігіп, кооперативке берілген 220 гектар аумақты бұрынғы төраға меншіктеп алған. Енді жыл сайын ауыл жұрты кәсіпкерден егістік алқапты жалға алып, ақша төлеуге мәжбүр. 

Ауылдың маңындағы инженерлік жүйе тартылған 220 гектар жер бастапқыда қызанақ өсіріп, одан томат пастасын шығару үшін көптің үлесі бар «Табыс-09» кооперативіне берілген. Кейін бұл жоба жүзеге аспай, «Сенім» шаруа қожалығы 15 жылға жерді иемденген. Содан бері әр тұрғын жоңышқалық алқапқа ақшасын төлеп, жерді жалға алып келеді.

Ыдырыс Әбдуәлиев, ауыл тұрғыны:

Сатты. 600-700 мың ең төмені 400 мыңнан. Сөйтті да беріп отыр. Оны тағы жыл сайын жалға беру құнын алады. 50-60 мыңнан. Бізге берілген пайлық үлестік жерімізді өзіне аударып алып, жерді бизнес қылып жатыр.

Қожалық иелігіндегі жердің жалға алу мерзімі биыл көктемде аяқталуы тиіс еді. Және де даулы мәселені осы ауылдың бұрынғы әкімі тұрғындарға оңтайлы шешіп беруге уәде еткен. Алайда уақыты келген кезде 220 гектар алқап қайтадан бір адамның меншігінде қалған.

Ғали Мәтенов, ауыл тұрғыны:

Біз 15 жыл күттік. Үндемей келдік. Бұрынғы экс-әкімнің кезінде. Қазір ол кісі ауданда ауыл шаруашылығы мен жер комитетін басқарып отыр. Сол кісіге сенгенбіз құдайдай. Бізге жер ауадай қажет екенін біледі. Сөйтсек, тағыда 58-ші жылға дейін құдасына беріп жіберіпті жерді./

Тұрғындар егістік жерді жалға алу мерзімін создырып алған қожалық иесі мен салаға жауапты басшының туыстық жақындығы барын айтып, халықтың талап-тілегі ескерілмей қалуына сол себеп дейді. Бірақ, екінші тарап барлығы заң талаптарына сай рәсімделді деп отыр.

Талғат Зейдалиев, Жаңақорған аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы:

Ол үш ай бұрын өзінің өтінішін түсіретін болса заң кодексі бойынша, жерді толық игеріп отырса ол негізі созылуға жатады. Ал әрі қарай ол сотпен шешіледі.

Жер мәселесіне қатысты ауыл тұрғындары енді құзырлы органдарға шағымданып, жан-жақты тексеріс жүргізуді талап етпек.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу