«Әл-Жәбрдің атасы» журналы өзбек тілінде шыға бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Әл-Жәбрдің атасы» журналы өзбек тілінде шыға бастады

12.06.2024

Қазақстанда шығатын «Әл-Жәбрдің атасы» ғылыми-танымдық журналы өзбек тілінде шыға бастады. Журнал Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Асқар Жұмаділдаевтың бастамасымен жарық көріп келеді. Алғашқы саны былтыр күзде 2 жарым мың данамен таралған еді. Математика бағытын қамтитын басылымға шет мемлекеттер қызығушылық танытып отыр.

«Әл-Жәбр» – алгебра ғылымы, оның негізін әйгілі Әл-Хорезми қалаған. Ғұламаның сол заманда математика саласына енгізген терминдері күні бүгінге дейін қолданыста. Технологиялық прогресске жол ашқан жаңалықтарын тұтас Орта Азия елдері мақтан тұтады. Ғылыми-танымдық журналдың «Әл-Жәбрдің атасы» деп аталуы сондықтан.

Асқар Жұмаділдаев, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті:

Біздің мақсат – ұлы аталарымыздың жолын жалғастыру. Кезінде бүкіл әлемнің дамуына ғаламат үлес қосқан Орталық Азиядан шыққан екі адам болса, соның бірі – Әл-Хорезми. Ол ғұламадан мына екі сөз қалды: алгебра және алгоритм. Қарапайым телефон, теледидар және техниканың өзге де түрлері әуелі алгоритмнен құралады.

Жас оқырманға арналған басылымның мазмұны математика жайлы болғанымен, басқа да салаларды қамтиды. Оқушыларға арналған «Тай жарысы» мен «Құнан жарысы», ұстаздар үшін «Дөнен жарысы» атты олимпиадалық тапсырмалар тарауы бар. Бұған дейін қазақша шыққан журналдың енді өзбекше нұсқасы жарық көре бастады. Өзбекстан ғылым академиясы өкілдерінің шығармашылық топқа алғысы зор.

Гүлсанам Тиллаева, Өзбекстан Ғылым академиясы жас ғалымдар кеңесі төрағасының орынбасары:

Журналдың өзбек тілінде шығуы екі елдің ғалымдары арасындағы ынтымақтастық пен достықтың жарқын көрінісі. «Әл-Жәбрдің атасы» журналының жарық көруіне ғылым академиясынан бөлек, тиісті министрліктер мен жас ғалымдар үлес қосты. Алдағы уақытта оның мазмұны тереңдеп, оқырманды біліммен сусындатады деген үміттеміз.

Журналдың шығуына қос мемлекетте кеңінен қолданылып жүрген математиканы онлайн оқыту платформасын жасап шығарған қазақстандық «Qalan» компаниясы қолдау көрсетті. Елімізге белгілі ғалым Асқар Жұмаділдаев журналдың өзбек тіліндегі нұсқасын оқитын жастардың қатары көп боларына сенімді.

Базаркүл Отыншиева


Хабарламаларға жазылу