Қазақстан мен Корея кәсіпкерлері 400 млн доллардан асатын 23 құжатқа қол қойды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Корея кәсіпкерлері 400 млн доллардан асатын 23 құжатқа қол қойды

12.06.2024

Қазақстан мен Корея кәсіпкерлері болса, жалпы құны 400 млн доллардан асатын 23 түрлі құжатқа қол қойды. Оның ішінде мұнай-газ саласына технология тартуға, литий кен орнын игеруге және автомобиль құрастыруға қатысты келісімдер бар. Ал Мемлекет басшысы екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың ең перспективалы бағыттарын тізіп шықты. 

Кәсіпкерлер бизнес форум өтетін орынға ертерек келіп алды. Кейбіреулер кулуарда келіссөзді бастап кеткендей. Корея делегациясы үлкен. 50-ден астам ірі компания өкілі жүр. Ал жалпы 500-ден астам кәсіпкер бір залға жиналды. Үкімет мүшелері де осында. Мемлекет басшысы форум қонақтарына Қазақстанның мүмкіндіктерін таныстырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мұнай-газ саласына Оңтүстік Корея технологияларын толыққанды трансферт жасау, сондай-ақ заманауи құрал-жабдықтар мен қосалқы бөлшектер өндірісін жолға қою біз үшін маңызды.

Келіссөздердің бір бағыты энергетика саласын қамтиды. Корей кәсіпкерлері Сайрам ауданында 1,5 млрд долларға қуаты 900 мегаваттан асатын электр станциясын салып бермек. Құрылыс биыл басталса, жоба екі жылдан кейін қолданысқа берілуге тиіс.

Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы:

«Самұрық-Қазына» Корея компаниясымен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Соған сәйкес біз бу-газ электр станциясын Түркістан қаласында саламыз. Қарабатан бу-газ электр станциясын кеңейту жобасын қарастырамыз.

Тағы екі инвестор еліміздің шығысында литий кен орнын игеріп, өңделу деңгейі жоғары өнім шығаруға ниетті.

Салтанат Сәтжан, «Самұрық-Қазына» АҚ даму және жекешелендіру жөніндегі атқарушы директоры:

Олар министрлікпен, біздің «Тау-кен Самұрық» еншілес компаниямен бірге жұмыс істейді. Ол әлі тек қана меморандум. Яғни ол жерде литий бар ма, жоқ па – соны білу керек қой.

Ал Қызылорда облысында қоқыс пен қалдықты кәдеге жарататын зауыт салынады. Жоба ендігі жылдың соңында іске қосылып қалуы мүмкін. Инвесторлар жалпы 36 млн доллар бөлмек.

Ардақ Зебешев, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары:

Бізде жылда 500 мың тонна қатты-тұрмыстық қалдықтар жиналады. Соны сұрыптап, қайтып өңдеп, одан дұрыс, қажет өнім шығару. Сол жұмыс аясында біз Корея компаниясымен бірінші кезеңде 18 млн доллар тұратын және екінші кезеңде тағы 18 млн доллар тұратын жобаға қол қоямыз.

Автомобиль құрастыру саласында да өзара тиімді өнеркәсіптік кооперацияны өрістетуге әлеует бар. Мысалы, келесі жылы толық циклді КІА зауыты ашылады. Ал Hyundai көлік маркасы бұрыннан бар өнеркәсіпті дамытуға бейіл. Жаңа модельдер шығарудан бөлек, автобөлшектер өндірісінің кластерін құруды жоспарлап отыр.

Бекнұр Несіпбаев, «Astana Motors» компаниясының бас директоры:

Келесі жылдың 1-маусымында біздің Hyundai зауытымызда SantaFe деген автокөліктің жаңа моделін ұстақ түйінді, шанақты дәнекерлеу және бояу әдісі арқылы шығаратын болып келістік.

Ал қаржы нарығы жаңа корей банкімен толығады. BNK Financial Group Қазақстанда 3 жыл бұрын ашылған микроқаржылық ұйымын екінші деңгейлі қаржы институтына айналдырмақ.

Мәдина Әбілқасымова, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы:

Қазіргі уақытта микроқаржы ұйымдары арасында 13-орында, активтері бойынша. 20 млрд теңгеден астам активтері бар. Енді банкке трансформация жасайды. Олардың жоспары бойынша осы активтерді 20 млрд-тан 680 млрд теңге аса жеткізу.

Алдына үлкен мақсат қойып отырған банк негізінен корпоративтік секторға, шағын және орта бизнеске несие берумен айналыспақ. Нарықтағы 22-ші банк жыл соңына қарай ашылады деп сендірді жауаптылар.

Тимур Сүлейменов, ұлттық банк төрағасы:

Кем дегенде 10 млрд теңге жарғылық капиталға қаражат бөлуі тиіс олар. Қазіргі тиісті жол картасын әзірлеп, соны орындай деп жатыр. Сондықтан жылдың аяғына екінші деңгейлі банкке айналатынына сенімдіміз.

Данияр Қайыртай, тілші:

Қазақстан-Корея бизнес форумының қорытындысында тараптар 23 құжатқа қол қойды. Сондағы келісілген инвестицияның жалпы сомасы 443 млн долларға жетіп отыр. Бұл екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтереді дейді мамандар.

Данияр Қайыртай


Хабарламаларға жазылу