Сенат Ұлттық қорды басқару тиімділігін сынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сенат Ұлттық қорды басқару тиімділігін сынады

13.06.2024

Орта деңгейдегі шетелдік компаниялардың капиталы Ұлттық қордың жинағынан 5 есе көп. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев қор қаражатына арқа сүйеуді әдетке айналдырған Үкіметті сынға алды. Бүгін Жоғарғы палата депутаттары былтырғы бюджет қаражатын түгендеді. Сенаторлардың неге көңілі толмады? Қазақстанның сыртқы қарызы қанша? Сенат отырысынан Айя Мүтәлі.

Министрлер кабинеті мен мемлекеттік орган басшылары бүгін түгел Сенатқа келді. Олар өткен жылғы бюджет қаражатын қайда және қалай жұмсағаны жайында депутаттарға есеп беруі тиіс. Ең алдымен Қаржы министрі мен Ұлттық банк төрағасы экономикалық ахуалды баяндады. Артынша Жоғары аудиторлық палатаның тізгінін жуырда ұстаған Әлихан Смайылов өзі басқарған Үкіметтегі біраз шикіліктің бетін ашып берді.

Әлихан Смайылов, ҚР Жоғары аудиторлық палата төрағасы:

Орталық мемлекеттік органдар бюджет шығыстарын 100 пайызға атқарса да, макроиндектордың 12 процентіне қол жеткізбеген. Бюджеттің кейбір жағдайда қаржыландыру көлемі өзгермесе де, нәтижелер көрсеткіштері бірнеше есе қысқарып, олардың сапалық сипаттамалары төмендеген.

Ал кейбір өңірлер бюджеттен бөлінген қаржыны игере алмай отыр. Мемлекет есебінен қаржыландырылған 91 инвестициялық жоба іске аспаған. Яғни жоспардың 20%-ы орындалмаған. Әсіресе, сумен жабдықтау және әлеуметтік инфрақұрылым жобалары аяқсыз қалды. Депутаттар баспананың қолжетімсіздігі мен шаруаларға бөлінетін субсидияның аздығын да сөз етті. Сонымен бірге, инвестициялық ахуалдың бұрынғыдан әлдеқайда нашарлап кеткенін айтады.

Сұлтанбек Мәкежанов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

2010 жылы 11,65 млрд АҚШ доллары болатын болса, 2023 жылы 2,3 млрд АҚШ долларын құрап отыр. Яғни, үш есе төмендеген.

Ал мемлекеттің қарызы 27 трлн теңгеден асқан. Бұл жалпы ішкі өнімнің 22,8 пайызы. Дегенмен, Әлихан Смайылов алаңдауға негіз жоқ деп отыр.

Әлихан Смайылов, ҚР Жоғары аудиторлық палата төрағасы:

Жалпы қарыз алу немесе борыштың болуы экономикаға қауіп төндірмейді. Әлемде бар практика.

Дегенмен, Сенат төрағасы Ұлттық қорды басқару тиімділігін сынға алды. Мәулен Әшімбаев Үкімет қор қаражатына арқа сүйеуді әдетке айналдырғанын, сыртқы қарыздар болмағанда Ұлттық қордағы қаржы көлемі 150 млрд долларға жетуі мүмкін екенін айтады. Алайда қоржында қазір 60 млрд доллар ғана бар. «30 жыл бойы мұнай экспорттайтын ел үшін бұл тым аз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Теңіз кен орнында жұмыс істейтін «Шеврон» компаниясының капиталының өзі 300 млрд доллар. Яғни, бір орташа америкалық компанияның капиталы 25 жыл ішінде жинақталған бүкіл егеменді қорымыздан 5 есе көп.

Ал түрлі күмәнді активтер мен ірі компанияларға биылдап бастап тексеріс жүргізе бастады. Жоғарғы аудиторлық палата «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорын бақылауға алған. Жуырда ЭКСПО құрылысына кеткен қаражаттың да есебін сұрамақ.

Әлихан Смайылов, ҚР Жоғары аудиторлық палата төрағасы:

ЭКСПО да квазимемлекеттік компания. Өз кезегінде оны да тексереміз. Қазір олардың табысы ұлғайды. Бірақ толығымен өзін-өзі ақтап жатыр деп айта алмаймын

Айя Мүтәлі, тілші:

Сенат төрағасы «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бастағалы Қор қаражатының жұмсалуын халық қадағалап отырғанын айтады. Ал қордың инвестициялық табыс көлемі әлі де төмен. Мәулен Әшімбаев сатылған акциялардың да тиімділігіне күмән келтірді. Қор капиталын арттыру үшін қор порфелін әртараптандыру қажет деді.

Айя Мүтәлі


Хабарламаларға жазылу