Қазақстандықтар Qiwi әмияндағы бұғатталып қалған қаражатты күзге дейін түгел қайтарып алады. Ол үшін Ұлттық банк пен Ресейдің «Салымдарды сақтандыру агенттігі» арасында арнайы келіссөз жүргізіліпті. Десе де, сан түрлі аударымды жасауға мүмкіндік беретін бұл төлем жүйесіне кейбір ел азаматтарының күдігі еселенген.
Елімізде Qiwi әмиянды пайдаланушылар арасында сенімнен гөрі күдік басым. Олар шоттағы қаражат ұшты-күйлі жоқ боп кете ме деп қауіптенеді. Оған жыл басында Ресейдің Qiwi банкінің лицензиясынан айырылып қалғаны негізгі себеп.
Экономикалық сарапшылар, ел азаматтарының ашқан шоты мен ондағы ақшаның қайта иесіне қайтарылуына тікелей Ұлттық банк жауапты деп отыр. Бұл елімізде төлем жүйесі ретінде ғана қалыптасқан ұйымның әрі қарай жұмыс істеуіне әсер ететінін айтады.
Мақсат Халық, экономист:
Үлкен бір проблемалар пайда болған, бізде Ресейдің маркетплейстер арқылы сауда саттық жасайтын азаматтар олар Qiwi әмиянға салған қаражатын кейін Ресейдің Qiwi банкіне де сақтаған. Оны рубльде де, долларда да, өзге валютада сақтаған. Және сол қаражаттарына қолжетімділік тоқтады деп айтып отыр. Көп азаматтар уәж айтып отыр. Егер де бұл арты бір үлкен резонансқа айналып, халық бұл Qiwi әмияндағы салған қаражаттарын қауіптеніп, барлығы онымен жұмыс істеуді доғарып жататын болса онда бұл төлем жүйесі де ертең жұмысын тоқтауы әбден мүмкін. Ал енді бұны ұйымдастыратын реттейтін - Ұлттық банк. Сондықтан да, мұнда Ұлттық банкте үлкен жауапкершілік бар.
Ал Ұлттық банк тарапы дәл қазір алаңдайтын негіз жоқ дегенді алға тартады. Бас банктің дерегінше, «QIWI Kazakhstan» төлем қызметін тек теңгемен көрсететін төлем ұйымы. Сондықтан, өзге валютамен ашылған шоттың иелері әу-баста бірден Ресейдегі QIWI банк клиенті боп есептелінген. Десе де Ұлттық банк, келіссөздердің арқасында электронды әмияндағы ақшаны қайтарудың тетігі реттелді деп отыр.
«QIWI Kazakhstan» ЖШС мен «Салымдарды сақтандыру агенттігі» арасында жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде «QIWI Kazakhstan» ЖШС клиенттеріне электрондық әмияндардағы рубльмен, доллармен және еуромен сақталған ақшаны қайтару туралы шешім қабылданды. Өтініш 27 мамыр мен 10 маусым аралығында қабылданды. ҚР Ұлттық банкі
Айта кетейік, қайтарылатын төлемдер клиенттердің QIWI әмияндарына түседі. Ескеретін жайт, қаражат Ұлттық Банктің 27 мамырдағы валюта бағамы бойынша беріледі.
Ал Ресейдің «Салымдарды сақтандыру агенттігі» клиенттерге күзге дейін электронды әмияндағы қаражат түгел аударылады деп мәлімдеп отыр. Қазір «QIWI Kazakhstan» компаниясы тұтынушылардың саны мен олардың шотындағы қайтарылуы тиіс қаражатты есептеп жатыр.
Әйгерім Ердәулет