Қостанай облысында тасқын салдарынан бір ауыл жойылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында тасқын салдарынан бір ауыл жойылады

13.06.2024

Тасқын кезінде баспанасыз қалған Қостанай облысындағы Екідің ауылының тұрғындарына Арқалық қаласынан пәтер берілді. Ағын су ауылдағы үйлердің тең жартысын тұруға жарамсыз етті. Ал, «Қызыл жұлдыздағы» баспананың бәрін жайпап өттті. Енді бұл елдімекендердің келешегі қалай болады? Тасқыннан кейінгі ахуал қандай? Тілші рептортажы.

Еліміздегі биылғы алапат тасқынды бірінші болып Арқалық қаласына қарасты Екідің ауылы қарсы алды. Елдімекендегі 55 үйдің 28-ін су шайды. Тұрғындардың мал-мүлкі де шығын болды. Өздерін тікұшақпен құтқарды. Көп ұзамай баспанасыз қалған тұрғындардың барлығына Арқалықтан пәтер берілді. Алайда көбісі туған ауылдарынан кеткісі жоқ. Кейбіреулері ескі, иесіз қалған үйлерді жөндеп, тұрып жатыр. Солардың бірі - Шәбден ақсақал.

Шәбден Қыдырбекұлы, Екідің ауылының тұрғыны:

Ремонттап барып,сосын барып кіреміз. Осы жерден алған үйге. Арқалықтан да үш бөлмелі үй алып қойдық. Ол да енді балалар болар, өзіміз болармыз. Барғанда бір үй керек қой қалада. Сол мынау малымыз бар. Малды тастап кете алмадық. Енді сол қалған малдың үстіне мал қосып алып жатырмыз.

Ауылдағы мектеп, клуб сияқты әлеуметтік нысандарға нұқсан келмеген, жұмыс істеп тұр. Жарық, байланыс бар. Ауыл әкімі «тұрғындардың бәріне пәтер берілгенімен, қалаға әрі кетсе алты отбасы көшеді» дейді. Дені бос үйлер мен гумкөмекке келген киіз үйлерді паналап, қора-қопсыларын қалыпқа келтіріп жатыр.

Ғалым Қыдырбеков, Екідің ауылының тұрғыны:

Баз салып жатырмыз. Биыл бәрі суға кетті ғой, қора-қопсы, үй барлығы. Ірі қараға арнап салып жатырмын. 50-60 басқа жобалап. Мынау Үкіметтен кеткен малдарға өтемақы берілді. Соны керегімізге пайдаланып, жаратып жатырмыз.

Ал «Қызыл жұлдыздың» болашағы бұлыңғыр. Мұндағы құрылыс нысандарының сау тамтығы қалмаған.

Абзал Тәшімов, Арқалық қаласы әкімінің орынбасары:

Сондықтан бұл елдімекен ретінде ол болмайды. Өйткені мектеп апатты жағдайда болды, медпункт апатты жағдайда. Енді олардың тұрғындары сол жерде мал бағып ұстау үшін өздерінің қыстақ ретінде салып жатыр. Уақытша тұратын ғимараттар салып жатыр.

Қызылжұлдыздықтардың да бәріне Арқалықтан пәтер берілген. Енді олар қалаға қоныс аударады. Осылайша алапат тасқынның салдарынан бір ауыл карта бетінен жойылғалы тұр. Тек малшылар отыратын қыстау болып қалмақ.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу