Шымкентте дәстүрлі «Шалқар термесі» байқауы басталды. Осымен үшінші рет ұйымдастырылып отырған өнер сайысы қоғам қайраткері, ақын-жазушы Шалқар Әбішұлының 80 жылдығына орай өткізілуде.
Оған еліміздің 12 облысы мен Алматы, Астана және Шымкент қаласынан 21 өнерпаз қатысуда. Байқау екі кезеңнен тұрады. Оның алғашқысында термешілер Шалқар Әбішұлының шығармаларын орындаса, екінші кезеңде әр өңірдің өзіне тән терме-толғаулары жырланады. Өнер сайысына жыршы Елмұра Жаңабергенова, әнші-композитор Қанат Айтбаев, айтыскер ақын Бекарыс Шойбек қазылық етеді. Бас жүлдеге темір тұлпар тігіліп отыр. Термешілер байқауы Шалқар қоғамдық қоры және мегаполис әкімдігінің қолдауымен қала күніне орай ұйымдастырылды. Шара аясында Астана қаласы әкімдігінің «Музыкалық жас көрермендер театры» жазушы, драматург Дулат Исабековтің «Гауһартас» спектаклін сахналайды.
Асхат Маемиров, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, байқауды ұйымдастырушы:
Терменің табиғаты әртүрлі ғой. Әрбір аймаққа тән өзінің мақамы, әуені бар. Сондықтан осы бір халықтың арасындағы ерекше жанр термені насихаттау деген сөз қазақтың рухани құндылығын дәріптеу деген сөз.
Ғани Қалмаханов