Оралда базардағы мал соятын орында газ баллоны жарылып, 4 адам жансақтау бөліміне түсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оралда базардағы мал соятын орында газ баллоны жарылып, 4 адам жансақтау бөліміне түсті

17.06.2024

Оралда «Ел ырысы» базарында жарылған газ баллоны мен өрттің салдарынан төрт адам ауыр хәлде жансақтау бөлімінде жатыр. Оқиға құрбан шалуға арналған мал сою орындарының бірінде болды. Қатты күйік шалған он адамның екеуі - бала. Әріптесім Ардақ Мұратқызы рет-ретімен айтады.
Ардақ Мұратқызы тілші:
Оқиға тап осы «Ел ырысы» базары аумағында болған. Мына жақта мал сойылады. Мына жерде ішек-қарын тазаланып жатыр. Ал мынау мал басын үйтуге дайындалған жер екен. Кеше тап осындай газ баллоны жарылып, он адам зардап шекті. Қазір бұл жерде бас үйтуге тыйым салынған.
Халық аузында «Ел ырысы» базары аталып кеткенімен, бұл - ресми тұрақтандыру қорының сауда алаңы. Құрбан айт күні мал союға арнайылап белгіленген орындардың бірі. Саудагерлер әр қойға - 300, көлікке 3 мың теңгеден төлеуі тиіс. Тиісінше малға су беріліп, асты тазаланып, жағдай жасалады.
Базар басшысы Жұмабек Жаппарқұлов оқыс оқиға кезінде тап сол маңда тазалықтың сақталуын қадағалап жүрген. Кенеттен күшті жарылыс болып, өрт тұтанған.
Жұмабек Жаппарқұлов, базар директоры:
Жарылыс бір он метрге көтеріліп барып баллон, қайта адам басына түскен жоқ, бізге қарай түсті. Бұл жерде біздің жұмысшылар емес. Соятындар бөлек, бас үйтетіндер бөлек, ішек-қарын тазалайтындар бар - олар да даладан келеді. Құрал-саймандарын, баллонын, паяльнигін - бәрін өздері алып келеді. Баллондарының көбісі ескі, қырық жылдық.
Жарылыс пен өрттен зардап шеккен 15 және 17 жастағы екі жасөспірімнің бірі жансақтау, екіншісі травмотология бөлімінде жатыр. 17 жастағы ер баланың денесінің 75% күйік шалған. Ал қалалық көпбейінді ауруханаға 7 адам түскен. Барлығы да 18-67 жас аралығындағы ер адамдар. Қатты күйік шалған үшеуі жансақтау бөлімінде, қалғандары бөлімшеде ем алып жатыр.
Диас Жайлаубайұлы, қалалық көпбейінді аурухана директорының орынбасары:
Үш науқас өте ауыр жағдайда реанимация бөліміне жатқызылды. Оның біреуінің есі - есеңгіреу. Демалысы өздігінен, гемодинамикасы тұрақты. Қалған екеуі естері анық, тура сол қалыпта, өте ауыр жағдайда. Диагнозы - барлығында термиялық күйік, жалын салдарынан болған. Көлемі 8 %-дан 91 %-ға дейін жетеді. Ауырлық дәрежесі І-ІІ-ІІІ А, Б сатысында.
Он адамның тек біреуіне амбулаториялық ем тағайындалып, үйіне жіберілді. Болған оқиғаға қатысты облыстық төтенше жағдайлар департаментінің анықтаушылары тергеу бастап, сараптама тағайындады.
Әлішер Рафих, облыстық ТЖД анықтау бөлімінің аға анықтаушысы:
ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабы 1-бөлімімен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта болған мән-жай анықталуда. Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу бабы. Біздің облыста өрт-техникалық эксперті жоқ. Ақтөбе облысынан шақырамыз.
Әзірге сарапшының қашан келері белгісіз. Мамандар жарылысқа күннің аптап ыстық болғаны әсер етіп немесе газ баллоны шамадан тыс толып тұрғанынан жарылуы мүмкін деген болжамдарды жоққа шығармайды. Айта кетейік, жыл басында тап осы базар аумағындағы дәмханада газ баллоны жарылып, үш адам қаза тапқан болатын.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу