Түркияда мал сою кезінде 16 мыңнан астам адам жараланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда мал сою кезінде 16 мыңнан астам адам жараланды

17.06.2024

Құрбан айт Түркиядағы ең үлкен мейрам. Бұл күнді үлкен-кіші ерекше күтеді. Мемлекеттік мекемелер мен оқу орындарының барлығы демалысқа шығады. Дегенмен Құрбан айтта мал сою кезінде жарақат алу жиі кездеседі. Әсіресе арнайы орындарда емес, үй жағдайында мал соятындар бұл күндері жиі жараланып, ауруханаға қаралып жатады.

 Айдос Әшімұлы, тілші:

Түркия Денсаулық сақтау министрінің хабарлауынша биылғы Құрбан айттың бірінші күнінде мал сою кезінде 16 мыңнан аса адам жарақат алған. Олардың басым бөлігі арнайы орындарда емес үй жағдайында құрбан шалғандар. Дегенмен бұл жарақаты себепті ауруханаға қаралуға келгендер ғана. Ал жарақат алса да емханаға қаралмағандардың саны бұдан да көп болуы мүмкін. Мамандардың ескертуіне құлақ аспай үй жағдайында мал сойған адамдар жыл сайын осылай жарақат алып жатады. Мәселен былтырғы Құрбан айтта Түркияда 30 мыңға жуық адам жарақат алып, ауруханаға қаралған.

 Айдос Әшімұлы, тілші:

Құрбан айт - Түркиядағы ең айтулы мереке. Бұл күні түрлі мерекелік шаралар, жәрмеңкелер ұйымдастырылады. Балаларға сыйлықтар таратылып, үлкендердің қолын сүйіп, батасын алу дәстүрі де бар. Сол үшін ірі қалаларда тұратын түркиялықтар Құрбан айтта туған жерлеріне барып, ата-аналарының батасын алады, әруақтарға дұға бағыштайды. Ауыл аймаққа асыққан жолаушылардың көптігінен ел аумағында қосымша ұшақтар, пойыздар мен қалааралық автобустардың рейстері ашылды. Бір жыл ішіндегі ең ұзақ демалыс да дәл осы мейрамда беріледі. Биыл түркиялықтарға құрбан айттың құрметіне 9 күн демалыс берілді.

Айдос Әшімұлы


Хабарламаларға жазылу