Жыл басынан бері 45 адам суға батты - Министр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жыл басынан бері 45 адам суға батты - Министр

18.06.2024

Жалпы жыл басталғалы республика бойынша 45 адам суға батып кетті. Бұл туралы Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар министрі айтты. Шомылу маусымындағы қауіпсіздік шаралары туралы баяндаған Шыңғыс Әрінов, қайғылы жағдайдың көбі жаз мезгілінде болады, - дейді. Министрдің айтуынша, жыл басынан бері 45, ал, 1-маусымнан бері 27 адам суға кеткен. Соның 20-сы бала. Сондықтан шомылатын жерлерде құтқару бекеттері көбейтіліп, халық арасында түсіндіру жұмыстары күшейтілген. Қазір су айдындарында 42 бекет қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.
Шыңғыс Әрінов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
Болған барлық жағдайлар шомылуға арналмаған қауіпті жерлерде болған. Біріншіден әрине ересектердің балаларды бақылаусыз қалдырып кетуі, екіншіден ішімдік және басқа да факторлар.
Ал Үкімет басшысы өңір әкімдіктеріне судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шараларды күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ ірі су айдындары ғана емес, арықтар мен суару каналдары да қауіп төндіретініне назар аударды. Балалардың қайтыс болу жағдайлары негізінен еліміздің оңтүстік өңірлерінде – Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында тіркеледі. Премьер-министр, әкімдіктерге қоршаулар орнату арқылы инженерлік құрылыстарды абаттандыру мәселесін шешуді тапсырды. Сонымен қатар қалалық субұрқақтардың қауіпсіздігін тексеру маңызды деді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Жыл өткен сайын су айдындарында суға кеткен адамдар саны азаймай тұр. Бұл шамамен 200-300 адам. Оның ішінде 100-і бала. Бұл масқара ғой. Бейбіт заманда қаншама адамды жоғалтып жатырмыз. Өкінішке орай биыл да бұл көрсеткіш төмендемей тұр. Жаз мезгілі енді басталды. Су айдындарында қайтыс болған адамдар әсіресе балалар саны өсуде. 

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу