Олжас Бектенов Цифрлық даму министрлігіне интернет сапасын арттыруға 3 ай уақыт берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Олжас Бектенов Цифрлық даму министрлігіне интернет сапасын арттыруға 3 ай уақыт берді

18.06.2024

Премьер-министр интернеттегі кінәратты тауып, байланыс сапасын арттыруға үш ай уақыт берді. Олжас Бектеновтың айтуынша соңғы кездері тұрғындардан түскен шағым көбейген. Барлығының интернет сапасына көңілі толмайды. Бүгін Үкіметте интернет пен байланыс сапасын арттыру мәселесі қаралды. 

Қазақстан интернет жылдамдығы бойынша әлемде 66-орында. Тіпті Жапония, Израиль, Түркия бізден кейін тұр. Бірақ интернет жылдам болғанымен, сапасы сын көтермейді. Үкімет үйінің өзінде байланыс кейде нашар. Отырысқа онлайн қатысқандармен тілдесу мүмкін болмайды.

Байланыс сапасын арттыру жайына бір ай бұрын тағайындалған Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі кеңінен тоқталды. Жаслан Мәдиевтің айтуынша 2027 жылға дейін салаға 450 миллиард теңге инвестиция құйылмақ. Бұл байланыс сапасын арттырып, 5G желісін ел аумағында толығымен енгізуге мүмкіндік бермек.
Жаслан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
5G технологиясын одан әрі дамытуға қатысты Кселл және Теле2-мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және облыс орталықтарында 5G-ді дамыту бойынша жұмыстарды жалғастыратын болады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 5G ұялы байланысын енгізу 2025-ші жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс.
Былтыр «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы қабылданған. Соның аясында республикалық жолдар мен ауыл-аймаққа жаппай интернет тартылады, -  деді министр.
Қазір елдегі 6300-ге жуық ауылдың барлығы бірдей ғаламтормен қамтылмаған. Мобильді интернет 4 866 ауылда қолжетімді. Ал мың жарымға жуық елдімекенде интернет атымен жоқ. Министр бұл ауылдарға 4 жылда байланыс желісі тартылады деді.

Әрі саланы дамыту үшін бәсекелестікті де арттырамыз дейді. Мәселен қазір министрлік SpaceX компаниясымен келіссөз жүргізіп жатыр. Ұлттық қауіпсіздікке қатысты мәселелер шешімін тапса, жұрт Илон Масктің Starlink технологиясы арқылы интернетке қол жеткізе алады. Әзірге мұндай терминалдар жыл соңына дейін 200 мектепте орнатылатын болды. Ал Үкімет басшысы бәсекелестікті арттырып, байланыс операторларының бағаны негізсіз өсіруіне жол бермеу керектігін тапсырды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Республикалық және негізгі облыстық жолдарда сапалы байланыс пен мобильді интернет болуы тиіс. Біз сапалы интернеттің барлық жерге кеңінен таралғанын әзірге ауыз толтырып айта алмаймыз. Жұртшылық бұл мәселеге үнемі шағымданып келеді. Тек өткен жылдың өзінде байланыс сапасына 21 мың шағым түсті. Биылғы жылы мұндай шағымдар саны 11 мыңға жуықтады.
Досжан Маратұлы, тілші:
Премьер-министр тұрғындардан түскен әрбір шағымға бей-жай қарамау керек деді. Оларды талдап, мәселені шешу қажет. Тіпті интернеттегі кінәратты анықтап, байланыс сапасын арттыру үшін жауапты ведомстваға үш ай мерзім берді.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу