Бала құқын қорғау тәрбиеден басталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бала құқын қорғау тәрбиеден басталады

19.06.2024

«Қоғамда өзекті мәселеге айналған бала құқын қорғау- тәрбиеден басталады». Қостанай облысындағы Аманқарағай ауылында учаскелік инспектор міндетін атқаратын Ғабит Байжановтың ұстанымы осындай. 19 жылдық еңбек өтілі бар инспектор 17 жылдан бері жасөспірімдерді жекпе-жек өнеріне баулып келеді.

Аманқарағай ауылында 8 мыңға жуық тұрғын бар. Соның ішінде 20-дан астам отбасы полиция есебінде тұр. Олардың дені ішімдік ішіп, жанжал шығарып шаңырақтың шырқын бұзатындар. Мұндай жағдайдан көбіне балалар зардап шегеді.

Ғабит Байжанов, учаскелік инспектор

Мен бір рет тексеруге барған кезде, макаронды жерге шашылған. Әйел кісі мас ұйықтап жатыр. Кішкентай бала сол жердегі макаронды теріп жеп жүр.

Ескертуді елемей шектен шыққандар сот шешімімен ата-ана құқынан айрылады. Алайда Байжановтың жүйелі бақылауының арқасында түзу жолға түскендер де аз емес. Себебі инспектор оларға заң аясында ғана талап қоймай, әрдайым шынайы жанашырлығын көрсетеді.

Ғабит Байжановтың өзі жекпе-жек шебері. 17 жылдан бері ауыл балаларын осы өнерге тегін баулып келеді. Қазір 7 мен 17 жас аралығындағы 40-тан астам баланы жаттықтырып жүр. Олардың ішінде облыс, республикалық сайыстарда топ жарғандар көп. Шәкірттері әрдайым оған қарап бой түзейді, үлгі тұтады.

Данил Старов, спортшы:

Мен ол кісінің жұмысы ауыр болса да балаларды жаттықтыруға уақыт табатынына, өзін спорттық бабында ұстайтынына таң қаламын. Үлгі тұтамын. Мен де Ғабит аға тәрізді ішкі істер органында қызмет еткім келеді.

Әли Оразғали, оқушы:

Кейбіреулерге полиция шығар, мен үшін бапкер ағай. Көп нәрсе үйренуге болады. Полиция ретінде де жұртқа көмегі көп. Құрметтеймін Ғабит ағайды.

Бұл секцияда полицияның есебінде тұрған отбасылардың да балалары бар. Ғабит Байжанов бала құқын қорғау – алдымен оларды жаман әдеттерден сақтандыру, бос уақытын тиімді пайдалануға үйрету деп есептейді. Жеткіншеткерді жекпе-жекке машықтандырып қана қоймай, тәртіпті, тәрбиелі болуға баулиды. Сөзбен емес, ісімен, өз болмысымен үлгі көрсетеді.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу