Батыс Қазақстанда тасқыннан зардап шеккен отбасылар баспаналы болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстанда тасқыннан зардап шеккен отбасылар баспаналы болды

20.06.2024

Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданында тасқыннан зардап шеккен саяжай тұрғындары баспаналы болды. Бұл жолы үш отбасына Мичурин және Зеленое ауылдарынан тұрғын үйлер сатып алынды. Аймурзиндер отбасы бұрын саяжайда тұрған еді. Шаған өзені екі рет тасығанда жалғыз баспаналарын су шайып кеттті. Бір қуанарлығы, тасқын кезінде отбасында бесінші бала аман-есен дүниеге келді. Үш ай туыстары мен эвакуациялық орталықты паналаған олар енді 4 бөлмелі үйге көшті.

Гүлвира Сүндетқалиева, Мичурин ауылының тұрғыны:

Перзентханаға кетіп қалдым. Үйге су келген күні операция болды да, сонда қалып қойдым. Үш айға толамыз жақында. Қуанышымызда шек жоқ, осындай үлкен үй алған. Суы бар, бұрын таситын едік. От жақпаймыз бұрынғыдай, газы бар. Барлық условиесі бар.

Ал, Сырым ауданында тасқыннан зардап шеккендерге салынып жатқан тұрғын үй құрылысына студенттік жасақтар тартылды. «Ауыл» партиясы жанынан құрылған екі топта 50 адам жаз бойы еңбек етеді. Қазір аудандағы су басқан Жымпиты, Өлеңті, Бұлдырты, Көздіқара ауылдарында 114 үй салынып жатыр. Одан бөлек, залал келген 150 үйдің жөндеуі аяқталуға жақын.

Қайрат Айтуғанов, «Ауыл» ХДП партиясы төрағасының орынбасары:

114 үй салынып жатқан Сырым ауданында 25 адамнан екі студенттік отряд құрылды. Олар қазір ауданда осылай көмек көрсетіп жатыр. Жоспар бойынша тағы 50 адамды жинап, айдың соңына дейін тағы екі отряд іске қосылады.

Ардақ Мұратқызы


Хабарламаларға жазылу