Шегірткеге қарсы улау жұмыстары Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аудандарында қатар жүреді. Бұл туралы екі елдің ауыл шаруашылығы саласына жауапты мамандары Ақтөбе облысында арнайы келіссөз жүргізді. Екі күн бұрын Ресейдің Орынбор өңірінен Ақтөбе облысының аумағына үйірлі шегірткенің жаппай көшуі байқалған болатын. Сондықтан Әйтеке би ауданының аумағында химиялық өңдеуге жоспарланған 307 мың гектар жерді қорғау шаралары күшейтілді. Бұл аумақтың 62 мың гектарында улау жұмыстары аяқталған еді. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы мен Орынбор облысының басшылығы зиянкестерге қарсы бірлесе жұмыс істеуге уағдаласып, жедел кеңес өткізді. Қазірге дейін еліміз бойынша 1,5 миллион гектар алқапқа химиялық өңдеу жүргізілді. Шекарадағы 8 аймақта қорғаныс шаралары жалғасып жатыр.
Ермек Кенжеханұлы, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:
Біздің мақсатымыз - шегірткенің қай жақтан миграция жасап жатқанын анықтау. Сол анықтаған аумақтарды бірлесе өңдеу жұмыстарын ұйымдастыруымыз қажет. Бүгінгі таңда біздің көріп отқанымыз - Ресей Федерациясынан көшіп жатқанын анықтап отырмыз. Сол себептен де техникаларымыз, бүріккіш техникаларымыз, сонымен қатар ұшақтарымыздың дайындығы бар.
Жақсыбек Кемал