Лондонда Қазақстан, Әзербайжан, Түркия және Грузияның Ұлыбританиядағы елшілері қаржы және бизнес саласының өкілдерімен бірігіп, Транскаспий халықаралық көлік жолының бүгіні мен болашағын талқылады.
Орта дәліз - Қытайды Еуропамен байланыстыратын автомобиль, теміржол және теңіз жолы. Ол Орталық Азия, Каспий теңізі, Оңтүстік Кавказ және Түркия арқылы жүріп өтеді. Жоба Ресейдің Транссібір бағытына балама және мыңдаған шақырымға қысқа жол.
Мағжан Ілиясов, Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі:
Орта дәліз баламалы еме,с дербес сауда жолы болуы қажет. Халықаралық қауымдастық жобаның әлеуеті жоғары екенін түсініп отыр.
Осман Корай Эрташ, Түркияның Ұлыбританиядағы елшісі:
Қазір жолдардың өткізу қабілетін арттырып, кедендік кедергілер болса, оларды азайтудың амалын жасап жатырмыз. Жұмыстар Түркі мемлекеттерінің ұйымы және Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында жүзеге асуда.
Шарада көлік жолына тікелей немесе жанама қатысы бар мемлекеттер, сондай-ақ бизнес өкілдері жобаның сәтті жүзеге асып, жетілуін қалайтындықтарын айтты.
Нигяр Джафарова, Frontierview компаниясының cарапшысы:
Орта дәліз бизнес үшін ерекше мүмкіндіктерге жол ашты. Кәсіптерін жалғастырып, сауда қатынастарын әртараптандыруға жағдай жасады.
Зерттеулерге сәйкес, Орта дәліз оған қатысы бар елдердің экономикасын тәуелсіз етіп, әлеуетін арттырады. Ендігі міндет халықаралық көлік жолының ауқымын кеңейтіп, оны саяси-экономикалық және экологиялық тұрғыда тұрақты түрде дамитын жобаға айналдыру.
Марина Бекенова