Елімізде 5 айда 100-ге жуық бала жол апатынан көз жұмған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде 5 айда 100-ге жуық бала жол апатынан көз жұмған

20.06.2024

Жыл басынан бері елімізде 85 бала жол апатынан қайтыс болған. Ішкі істер министрлігінің есебі бойынша алғашқы бес айда 2500 жасөспірім түрлі дене жарақатын алған. Мәселен Алматы облысындағы Алматы-Жетіген тас жолының бойында 10 шақты адам көлік апатынан тіл тартпай кеткен. Тоғыз жолдың торабына айналған жолда қауіпсіздік шаралары ескерілмей отыр, - дейді тұрғындар.

Диляр Үсен, Байсерке ауылының тұрғыны: 

Сол жерде қатты қан жоғалтқаннан кейін қарындасым Саяна реанимацияда, осы Өтеген батыр кентінде қайтыс болды. 

Диляр Үсен - қыршынынан қиылған Саянаның ағасы. Екінші қарындасы Ақеркенің бұғанасы мен иығы сынып, қазір ауруханада жатыр. Аман қалған жеткіншектің жағдайы орташа ауыр. Дилярдың айтуынша, соңғы 2-3 айда Байсерке ауылында сегіз адамды көлік қағып, жан тәсілім еткен.

Диляр Үсен, Байсерке ауылының тұрғыны:

Осы шаралардың алдын алу үшін әлі де қанша адам өмірден өтуі керек. Қашан біздің Іле ауданының, Байсерке ауылының әкімі қашан жұмыс жасайды. Өз қолдарында тұрған дүние, былай қарап тұрсаң. Барлығы жоғары жаққа хат жазса, мен ойлаймын, камера қойғанда да тәртіп сақталады.

Дилярдың сөзінше, Алматы - Жетіген тас жолында көлік нөпірі көп. Қонаев қаласына баратын ақылы жолды айналғысы келетіндер Өтеген батыр, Байсерке ауылдарын басып өтеді. Бұдан бөлек, ондаған ауылдан қалаға тұрақты қатынайтындар бар. Жолдың үсті де, маңайы да адам өміріне қауіп төндіріп отыр.

Осы оқиғадан кейін Іле ауданының әкімдігі жол бойына 53 бейнебақылау камерасы орнатылатынын айтты. ІІМ мәліметінше, жыл басынан бері еліміз бойынша 8 мыңнан аса жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 800-ге жуық адам қаза тапқан. Оның 85-і бала. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 86% жоғары.

Қазір қаралы отбасы жеткіншектің жетілігін таратуға дайындалып жатыр. Отағасы кінәлі жүргізуші жазадан сытылып кете ма деп алаңдайды. Айтуынша, үйге аяқ басып, кешірім де сұрамаған.

Қуан Нұрақын, тілші:

Екі қызды қағып кеткен жол апаты дәл осы жерде болған. Байқағанымыздай, алда жаяу жүргіншілер жолағы барын ескертетін ешбір белгі жоқ. Адам өліміне әкелген апатқа қатысты қылмыстық іс қозғалған. Жүк көлігін тізгіндеген жүргізуші қамауға алынып, сараптама тағайындалды.

Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу