Леңгір қаласында аптап ыстықта ауыз су жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Леңгір қаласында аптап ыстықта ауыз су жоқ

20.06.2024

Аптап ыстықта су жоқ. Түркістан облысы Леңгір қаласының тұрғындары соңғы екі аптадан бері тіршілік нәріне жарымай отыр. Ескі су ұңғымасын жаңартпақ болған жергілікті билік жұртқа суды уақытылы жеткізе алмай қалған. Ал, өңірде соңғы он күннен бері 40 градус ыстық.

Леңгір қаласындағы екі қабатты үйде тұратын Алтынай Үсенбаева екі жылдан бері ауыз суға зәру. Ақса, оның өзі лай, сондықтан тұндырып тұтынады. Ал жаз шыққалы тіршілік нәрі мүлде тоқтап қалды дейді.

Алтынай Үсенбаева, Леңгір қаласының тұрғыны:

Екі жылдан бері су жоқ. Кіріміз жатыр ана жерде. қолмен жуамыз. Ол мынандай бөтелкені 480 теңгеден сатып алып жатырмыз. Ол жетпейді да ғой. Қашанғы жетеді, төрт бала-шағамен.

Дәл қазір Леңгірдегі 34 мың халықтың 30 пайыздайы сусыз отыр. Әсіресе қаланың биіктеу тұсына салынған үйлер мен көпқабатты баспаналарда тұратындар қиналып отыр. Мұндағы жұрт тұтынып келген судың ішуге жарамайтынын айтады.

Күмісбек Кенжебеков, Леңгір қаласының тұрғыны:

Мына суды ішіп жатырмыз. Апта сайын ауырып, сенбесеңіздер айтыңыздар, аптасына жедел жәрдем екі-үш мәрте келеді. 

Тіршілік нәрінен тарыққан жұрт жиналып, қала әкімінен мәселені тез арада шешуді талап етті. Жауаптылардың сөзінше, қалаға су тарататын орталықтың насостары істен шыққан.

Серғазы Қалдыбаев, Төлеби аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

Бұл мәселені шешу үшін біз қазіргі кезде тағы да қосымша бір насосты Шымкент қаласынан алып келдік. Сол жерде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Үшінші насосты қоссақ тағы да қосымша су қамтамасыз етіледі.

Жаз шыққалы су тұтыну екі есеге артқан. Ал, екі жыл бұрын Леңгір қаласын сапалы ауыз сумен қамтуға бюджеттен 4,5 млрд теңге бөлініп, құбырлар толықтай жаңартылған болатын.

Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу