«Таза бейсенбі» экологиялық акциясы жалғасып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Таза бейсенбі» экологиялық акциясы жалғасып жатыр

20.06.2024

Елімізде «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы жалғасып жатыр. Бүгін осы челлендж аясында Қарағанды, Павлодар, Ақмола және Абай облысында тазалық жұмыстары жүргізілді.

Қарағанды облысында 1 күнде 70 тоннаға жуық қоқыс жиналып, полигондарға төгілді. Мыңға жуық тұрғын «Таза бейсенбі» акциясына белсенді қатысты. Партия мүшелерінің айтуынша, облыста 113 учаскені тазарту жоспарланған. Шараның бірінші аптасында 300 тонна қоқыс жиналса, екінші аптасында 48 учаске жинастырылып, 93 тонна қоқыс шығарылды.

Ал Павлодар облысында 70-тен астам ерікті Усолка шағын ауданындағы Ертіс жағалауын тазалауға шықты. Жалпы «Таза бейсенбі»  акциясы басталғалы 200 мыңнан астам тұрғын 72 мың тонна қоқыс жиналып, 29 мың көшет отырғызылған.

Абай облысында да акция жалғасын тапты. 100-ге жуық адам Ертіс өзенінің жағалауын қоқыстан тазартты. Науқанға студенттер, мәслихат депутаттары мен еріктілер қатысты.

Ақмола облысына қарасты Ақкөл ауданы тұрғындары да «Таза бейсенбі» акциясын апта сайын өткізіп келеді. Айта кетейік, «Таза Қазақстан» республикалық бастамасы жыл соңына дейін жалғасады. Экологиялық шара әр апта сайын белгілі бір тақырып аясында өтіп тұрады.

Аида Ахметбек

Хабарламаларға жазылу