«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасып жатыр

21.06.2024

«Таза Қазақстан» республикалық акциясы еліміздің барлық аймағында жалғасын тауып, жалпыхалықтық экологиялық челленджге айналды. Оған Түркістан облысының жұртшылығы да белсенді қатысып жатыр. Айнұр Әбілқасымқызы тарқатады.

Түркістандық Еркебұлан Мадиярұлы өзі сияқты жастарға ілесіп, Шаға ауылында өткен тазалық шарасына қатысты. «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанатының мүшесі әріптестерімен бірге қаланың кіре берісіндегі үлкен жолдың бойын тазартып, қоқыстарды жинап шықты.

Еркебұлан Мадиярұлы, Түркістан қаласының тұрғыны:

Сауран ауданы Түркістан қаласына кіретін үлкен қақпа десек болады. Осы қақпа маңында Түркістанның тазалығын және облыс орталығына деген жанашырлықты көрсетеді. Одан бөлек мұнда қараусыз қалған ағаштар бар, көшеттер бар. Осының бәріне қамқорлық қажет екені көрініп тұр.

Ауқымды шараға Сауран ауданының тұрғындары да атсалысты. Бұл аудан облыс орталығын қоршап тұрғандықтан жергілікті халыққа жүктелген міндет те ауыр. Мұндағы жұрт үнемі тазалыққа көңіл бөліп, үйлердің айналасы мен жолдың бойын тазалап тұруға тырысамыз, - дейді. Ынтымақ ауылының тұрғындары да аптап ыстыққа қарамастан бірнеше шақырымға созылған аумақты ретке келтірді.

Баймахан Сүлейменов, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты:

Қазір бізде 40 градусқа дейін ыстық болып жатыр. Таңғы сағат тоғыздан түскі сағат 12-ге дейін үш сағаттың көлемінде осындай тазалық жұмыстарымен айналысатын болсақ, дәу жолдардың бойлары, сосын ауыл округтерінің орталықтары, Түркістанға кіре беріс жерлердің барлығы толық тазалануға мүмкіндік бар деп есептеймін.

Ал, Түлкібас ауданының Пістелі ауылында өткен «Таза Қазақстан» акциясына телеарна ұжымы мен аудан әкімдігінің қызметкерлері қатысты. Елді мекендегі қураған ағаштарды кесіп, арам шөпті отады.

Тазалық шарасына шардаралық елуден астам спортшы мен ерікті, қала тұрғындары қатысты. Олар көпқабатты тұрғын үйлердің ауласы мен ойын алаңдарын, көшелерді күл-қоқыстан тазартты.

Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу