Израильде үкіметке қарсы шерулерге мыңдаған адам қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Израильде үкіметке қарсы шерулерге мыңдаған адам қатысты

22.06.2024

Израильде үкіметке қарсы шерушілер осы аптада да жалғасты. Қарсылық акцияларына ондаған мың адам қатысты. Демонстранттар соғысты тоқтатуды, жаңа сайлау өткізуді, кепілдіктегілерді босатуды талап етіп жатыр. Ал үкімет басшысы Хамасты тізе бүктірмей, Газаға шабуылды доғармайтынын ескертіп отыр. 

Израильде үкіметке қарсы шерулер бірнеше аптадан бері тоқтар емес. Тель-Авив пен Иерусалимнің көшелеріне кейінгі күндері де ондаған мың адам шықты. Сондай демонстрациялардың бірі полициямен қақтығысқа ұласты.

Халықты ашындырған мәселелер аз емес. Солардың ең өзектісі – Хамаспен соғыс, ливандық Хезболламен күрес. Газадағы шайқас тоғыз айға жақындап қалды. Бірақ жеңіске жетер күн көрінбейді. Оның үстіне, хамастықтар күзде кепілдікке алып кеткен адамдар әлі толық босатылған жоқ.

Иааков Долгопольский-Гева, жергілікті тұрғын:

Біз жаңа сайлау өткізіп, жаңа үкімет құруды қалаймыз. Мына жағдайды өзгертпесе болмайды. Соғысты тоқтату керек. Және де Газада кепілдікте отырғандарды босатуды талап етеміз.

Осындай наразылыққа қарамастан, үкімет басшысы соғысты доғаруға ниетті емес. Премьер-министр Биньямин Нетаньяхудың сөзінше, Израиль өзінің өмір сүру құқығы үшін күресіп жатыр.

Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:

Көп құн төледік. Бірақ бұның бәрі біздің өмір сүруіміз бен болашағымыз үшін қажет. Қанша қымбатқа түссе де, біз Хамасты жою, кепілдіктегілерді босату, Газаны қауіпсіз ету мақсатымыздан бас тартпауымыз керек.

Газа секторындағы соғыс қазанның 7-де басталды. Сол күні Израильде 1200 адам қаза тауып, жүздегені кепілдікке алынғаннан кейін Израиль армиясы палестиналық анклавты бомбалай бастады. Газа денсаулық сақтау министрлігінің бүгінгі мәліметіне қарағанда, содан бері 37400 палестиналық мерт болған. Құрбандардың ішінде мыңдаған бала мен әйелдер бар.

Арыстан Рысбек 

Хабарламаларға жазылу