Алтай мемлекеттік педагогикалық университетінде қазақ тілі мен мәдениеті орталығы жұмыс істейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алтай мемлекеттік педагогикалық университетінде қазақ тілі мен мәдениеті орталығы жұмыс істейді

22.06.2024

Барнаул қаласындағы Алтай мемлекеттік педагогикалық университетінде қазақ тілі мен мәдениеті орталығы жұмыс істейді. Ол 11 жыл бұрын ашылған. Басты мақсат -  қандастарымыздың және өзге ұлт өкілдерінің арасында қазақ тілін насихаттау. Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары қазақ тіліне қызығатындардың саны өсті.

Бұл өңірде алты мыңға жуық қандас тұрады. Төрт қазақ қоғамдық ұйымы бар. Өңірдегі жоғары оқу орындарында 1800-ге жуық қазақстандық оқиды. Шетте жүрген қандастарымыз соңғы жылдары орталықтың жұмысы жанданып, келушілердің саны өскенін тілге тиек етті.
Мұрат Бекмұратов, Алтай өңіріндегі қазақ мәдени-ұлттық автономиясының төрағасы:
Бұл кезінде Павлодар пединститутының ректоры Аршабеков болып тұрғанда ашылған. Содан бері осы орталықты ұстап отырмыз. Осы орталықта жаңа жөндеу жұмыстарын жасап, қазақтар осында болсын деп, әрқашан да болысып тұрады.
Орталықта қазақтың ойшыл, ұлы ақындарының шығармаларын табуға болады. Түрлі деңгейдегі оқулар, жыр мүшәйралары да өткізіледі. Ал Алтай мемлекеттік университетінде осыдан бес жыл бұрын «Үлкен Алтай» орталығының негізі қаланды. Ол түркі халықтарының тарихы мен мәдени мұрасын зерттейді. Ұйым ғалымдары тұрақты негізде археологиялық-этнографиялық экспедициялар ұйымдастырып, халықаралық түркологиялық форум өткізіп тұрады.
Юлия Лысенко, Алтай мемлекеттік университеті шығыстану кафедрасының басшысы:
Жыл сайын жас түркологтардың халықаралық жазғы мектебінде жүзге жуық қазақстандық студент тәжірибе алмасады. Үлкен Алтай орталығы Қазақстан мен Ресей түркологтары ынтымақтастығының жарқын үлгісіне айналды. Бүгінгі таңда біздің ұжымда алтайтану және түркітану саласы бойынша 15-ке жуық қазақстандық ғалым жұмыс істейді. Олар әлемге әйгілі ғалымдар.
Қазір Алтай түркітанушылары қазақстандық ғалымдармен бірге түркі өркениеті тарихының екінші кітабын дайындап жатыр.

Индира Бегайдар

Хабарламаларға жазылу