Оралда су тасқынынан дүние мүлкі бүлінген 1400-ге жуық саяжай тұрғынына 600 млн теңге өтемақы төленді. Қазір бағалаушылар белуардан су кешіп, саяжайдағы үй-үйді аралап жүр. Өйткені қала аумағындағы 10,5 саяжай учаскесінің 30 %-ы суда тұр. Жергілікті жерде мамандар тапшы болғандықтан, бұл іске Алматы, Шымкент, Қарағанды, Ақтөбе өңірінен 8 компания тартылды. Қазір қалада 50-ге жуық бағалаушы жұмыс істеп жатыр. Мүлік шығынын өтеу комиссиясына саяжайы жалғыз баспанасы деп танылған тұрғындардан 4500-ге жуық өтініш түскен. Егер мүлкі бүлінгені расталса, 150 айлық есептік көрсеткіш, яғни 553 мың теңгеге дейін шығын өтеледі.
Жандос Дүйсенғалиев, Орал қаласы әкімінің орынбасары:
Қазіргі таңда 1377 зардап шеккен тұрғынға өтемақы төленді. Бұл - шамамен 600 млн теңге қаржы. Өтемақының қаржыландырылуы - облыстық, жергілікті бюджеттен бөлінді. Бір айта кететін нәрсе - 150 АЕК толық төленеді деген сөз емес. Үйіндегі тұрмыстық техника, жиһаздың бар-жоғына орай қаражат төленеді. Және де нарықтағы құнына орай есептеледі.
Ардақ Мұратқызы