Алматылық дәрігерлер қабырғасынан сүйек өсіп, өкпесін тесіп кеткен 17 жастағы жасөспірімді ажалдан аман алып қалды.
Бұл патология экзостоз деп аталады және сирек кездеседі дейді мамандар. Науқас жөтел қысып, ауа жетпей, ентіккен. Дәрігерлер дереу бақылауға алып, өкпе мен кеуде қуысы арасындағы кеңістікке ауа жиналғанын анықтаған. Сөйтіп, баланың кеуде қабырғасына кішкене тілік арқылы дренажды түтікше енгізіп, ауаны шығарған. Кейін қайта тексергенде, қабырғасынан сүйек өсіп, өкпені тесіп кеткенін анықтаған. Күрделі операция екі сағатқа созылыпты.
Жалғас Күниязов, қалалық балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының дәрігері:
Экзостоздың пайда болуы және соның әсерінен өкпе тесіліп, ішіне ауа жиналып, өкпені қысуы бірінші рет біздің практикамызда. Ота кезінде өсіп тұрған сүйекті алып, өкпедегі тесікті былайша айтқанда тігіп, жауып кеттік. Қазір баланың жағдайы бірқалыпты. Өзі дем алысы жақсы. Ешқандай шағымдары жоқ.
Айдана Қуантхан