Екі аптадан кейін несиенің жаңа пайызы белгілі болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Екі аптадан кейін несиенің жаңа пайызы белгілі болады

24.06.2024

Екі аптадан кейін кредиттердің жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі белгілі болады. Бұл туралы бүгін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы айтты. Яғни, қазіргідей 56 пайыз емес, жаңа жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 44 процент болуы мүмкін. Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, банктердің кепілсіз беретін тұтынушылық несие сомасы да өзгеруі мүмкін. Яғни, кредит көлемі - 8 миллион 122 мың теңгеден аспауы ықтимал. Ал шағын кредиттік ұйымдар үшін қарыздың шегі - 4 миллион 61 мың теңгеден көп болмауы тиіс. Бұл жыл сайын өзгеретін айлық есептік көрсеткішке тікелей байланысты. Естеріңізде болса, Президент 19 маусым күні несиеге батқан халықты құтқарып, борыштық жүктеменің артуына жол бермеу үшін «несие беру туралы» арнайы заңға қол қойған.

Мәдина Әбілқасымова, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы:

Заң қабылданғаннан кейін заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерді екі ай ішінде әзірлеп үлгеруіміз керек. Қазір Ұлттық банкпен бірлесіп жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі бойынша түзетулерді реттеп жатырмыз, алдағы екі аптада толық аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Пайыздық мөлшерлеме банктер мен микроқаржы ұйымдары үшін екі түрлі болуы мүмкін. Агенттікке онлайн несие беретін ұйымдар өз тәуекелдерін айтып, пайыздың жоғары болғанын сұрап отыр.

Әйгерім Ердәулет


Хабарламаларға жазылу