Байден әкімшілігін сотқа бермек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Байден әкімшілігін сотқа бермек

25.06.2024

АҚШ президенті жақында елге ағылатын келімсектер легін азайту үшін арнайы жарлық шығарды. Енді шекараны заңсыз кесіп өтетіндердің саны тәулігіне 2.5 мың адамнан асса, көші-қон полициясы оларды бірден депортациялай алады. Бірақ Америкалық азаматтық бостандықтарды қорғау одағы бұл ата заңға қайшы деп мәлімдеп Президентті сотқа бермек.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Заңсыз миграция АҚШ үшін шетін мәселе болып тұр. Күн сайын он мыңдаған адам оңтүстік аймақтардан шекараны кесіп өтіп жатыр. Президент пәрмен берген жаңа ереже келімсектердің толассыз ағынын едәуір азайтуға мүмкіндік бермек дейді ішкі қауіпсіздік министрі. Алайда сот шешімінсіз шекарадан заңсыз өткен адамды дереу кері қайтару конституцияға қайшы дейді белсенділер.

Лилиан Серрано, оңтүстік шекара қоғамдастығының атқарушы директоры:

Бұл жарлық босқындарға шабуыл жасау шынымен де адам құқықтарын өрескел бұзу. Президент адам құқықтарын шешуге өкілеттігі бар деген идея осы елдегі адамдарды ғана емес халықаралық қоғамдастықты да алаңдатады. Себебі бұл жарлық АҚШ қол қойған халықаралық шарттарды қайшы.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Ақ үй басшысы шекарадағы жағдайды тұрақтандыру үшін мұндай қадамға баруға мәжбүр болдым дейді. Себебі, Конгресс екі рет көші-қон саласын реттеуге бағытталған заң жобасын бекітпей тастады. Осылайша өзінің басты бәсекелесі Трампты қолдаушы депутаттар ұлт мүддесінен жеке саяси мүддесін жоғары қойды деп сынады Байден. Яғни, президент сайлауы алдында шекарадағы қиын жағдайды одан бетер ушықтыруға тырысып жатса керек.

Джо Байден, АҚШ президенті:

Шекара – бұл саяси қару ретінде қолдануға болатын мәселе емес. Америка халқының Вашингтонда өтіп жатқан саяси ойындарға уақыты жоқ. Сондықтан мен жарлық шығару арқылы Конгрестің кедергісін еңсеріп, президенттік құзырымды шекара мәселесін шешу үшін пайдаландым.

Алайда сарапшылар Ақ үй басшысы да президент сайлау алдында ұпай жинау үшін осындай қадамға барды деп отыр. Себебі заңсыз миграция Байденнің беделін түсіріп тұр. Ол ел басқарған төрт жылда жеті миллионнан астам келімсек АҚШ-қа кірген. Бұл америкалықтарың титығына тиіп жатыр. Мұны басты қарсыласы Трамп та ұтымды пайдаланып, шекара жайын сайлауларды бағдарламасының негізгі ұстыны етіп алды. Ал сайлауға төрт айға жетпес уақыт қалды. Осы аралықта Байден шекараны шегендеуге тырысып бақпақ. Алайда, мамандар президенттік жарлық заңсыз шекара кесіп өтушілерге тиімді тосқауыл боларына күмәнмен қарайды.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу