Шымкент қаласының барлық аудандарында тазалық акциясы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкент қаласының барлық аудандарында тазалық акциясы өтті

25.06.2024

Бүгін Шымкент қаласының барлық аудандарында «Таза Қазақстан» акциясы ұйымдастырылды. Тұрғындар көпқабатты үйлердің аулаларын тазартып, Қошқарата өзенінің жағалауын ретке келтірді.

Зейнеткер Пердеш Есенбеков сексеннен асқан көршісімен бірге «Нұрсәт» шағын ауданындағы тазалық шарасына қатысты. Ел ағалары жастармен бірдей жұмыс істеп, аулаларды тазартып шықты. Әр азамат өзі тұрған жердің тазалығына бей-жай қарамау керек дейді ақсақал.
Пердеш Есенбеков,  қала тұрғыны:
Жұмыла көтерген жүк жеңіл дейді. Тазалық бұл әр адамның ішкі жан дүниесінің көрінісі, мәдениеті, керек болса денсаулығы. Ауамыз таза болуы керек, айналамыз абатты, жасыл желекті болып тұрса қызығасың әрі қызғанасың. Ол үшін бізге біреу сырттан келіп істеп бермейді. Өзіміз істеуіміз керек. Сондықтан бұл игілікті бастаманы көп болып қолдайық.
«Тазалық – денсаулық кепілі» дегендер көпқабатты үйлердің аулаларында ағаштарды әктеп, артық өскен бұталарды қырқып шықты. Арам шөпті орып, ирригациялық арықтарды күл-қоқыстардан тазартты. Ойын алаңдарын ретке келтірд. Осылайша халық көп шоғырланған аудандар тазарып шыға келді.
Валентина Невзорова, қала тұрғыны:
Бұл бір күтпеген іс болды. Акцияға қатысушылар келіп жан-жақты жинап, сыпырып, орындықтарды сырлап жатыр. Әйтпесе ауламыз шөп басып, ағаштар қурап қалған еді. Оны реттеуге тұрғындардың шамасы келе бермейді. Жұрт жұмыстан босамайды. Ал бұл жерге арнайы техникалармен келіп істеп жатыр. Ұйымдастырушыларға рахмет.
Халық ең көп жиналатын Қошқарата өзенінің бастауында да сенбілік өтті. Себебі аптап ыстықта суға шомылып сая іздегендердің кейбірі жағалауды ластап кетеді. Бүгін белсенді жастардың арқасында жағажай реттеліп, суға шомылу ережесі ілінген тақтайшалар мен жарықшамдар жаңартылды.   

Айнұр Әбілқасымқызы

Хабарламаларға жазылу